Халықтың 94 пайызы салық органдарының жұмысына қанағаттанады - сауалнама
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Халықтың салық органдары жұмысының сапасына қанағаттанушылығы жылдан-жылға артып келеді.
Бұл туралы бүгін Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығы өткізген сауалнаманың нәтижесін жариялау барысында мәлім етілді.
Тәуелсіз сарапшылар жасаған сауалнама нәтижелері көрсеткеніндей, салық төлеушілердің фискалды орган қызметінің сапасына қатысты қанағаттанушылығы 2012 жылы шамамен 10 пайызға өскен. Мысалы, 2011 жылмен салыстырғанда заңды тұлғалардың салық органдарына деген қанағаттанушылығы 86-дан 94 пайызға дейін артқан. Ал халық арасындағы қанағаттанушылық деңгейі 84 пайыздан 94 пайызға жоғарылаған.
«Жекелеген облыстарда тіпті 100 пайыздық көрсеткіш тіркелді. Батыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында жүргізілген сауалнама барысында салық органдарына арыз түсірген немесе оның жұмыс сапасына шағымданғысы келетін бірде-бір азамат табылған жоқ», - дейді Қоғамдық пікірді зерттеу орталығының бөлім басшысы Айжан Шәбденова.
Орталықтың мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бойынша орта есеппен алғанда кезекте күту уақытының ұзақтығы 26 минутқа дейін қысқарған. Алматы қаласының салық төлеушілері кезекте ең аз тұратындығы анықталды. Олар кезекте орта есеппен 6 минут тұрады. Ал Алматы мен Қарағанды облыстарының салық төлеушілері ұзын-сонар кезектерде тұруға мәжбүр - сәйкесінше 77 және 46 минуттан.
Жиынға қатысқан ҚР Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевтің айтуынша, жоғары сапалы мемлекеттік қызмет көрсету - барлық үкіметтік органдардың негізгі міндеттерінің бірі.
«Осы орайда, салық комитеті азаматтардың салық органдарына деген қанағаттанушылық деңгейін арттыру үшін қыруар жұмыстар атқаруда. Ең бірінші мақсат - халыққа көрсетілеттін қызметтерді автоматтандыру, электронды нұсқаға ауыстыру. 2011 жылы 35 мемлекеттік қызметтің тек 12-сі автоматтандырылған болса, 2012 жылы оның саны 19-ға жетті», - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, 2013 жылы салық органдары жеке кәсіпкерді тіркеу және патент алуды онлайн режімде беру жобасын іске қосты. Бұл шара салық органдары қызметкерлерімен болатын қарым-қатынасты азайтуға бағытталған.