Халықтың абайсыз болуынан ШҚО-да жыл басынан 46 рет өрт шыққан

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл халықтың отты абайсыз пайдалануынан 46 рет өрт шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңір жұртшылығының отты абайсыз пайдалануынан 46 рет өрт болды. Осы ретте, құтқарушылар отты қолданудағы абайсыздықтың салдарынан қызыл жалынның шығуына әкеліп соғатын негізгі жағдайларды атап өтті:

- Жанып тұрған майшамның қараусыз қалуы. Үй жануарлары майшамды үрлеуі немесе құлатып кетуі мүмкін. Бөлмеден шыққан кезде майшамды сөндіріп жүріңіз. Жанып тұрған майшамды тіпті 3 минутқа да қараусыз қалдырмаңыз.

- Темекі шегу кезіндегі абайсыздық. Бұл үйлердің өртенуіне әкеліп соғатын ең негізгі себеп. Көбінесе мұндай жағдайлар азаматтардың ішімдік ішуінен кейін болады. Мас күйдегі адам өз әрекеттеріне жауап бере алмайды.

- Табиғат аясында от жағып, қараусыз қалдыру. Жер үйлер мен саяжай тұрғындары далада кәуәп пысырады, шөп немесе қоқыс жағады. Сол кезде қарапайым қауіпсіздік ережелері сақталмайды. Салдарынан тілсіз жау үйлерге, ғимараттарға, орман алқаптарына тарайды.

- Балалардың отпен ойнауы. Балалар ата-аналарының қарауынсыз қалғанда сіріңкемен ойнап жатады. Олар мамық пен шөпті өртейді. Ал соның кесірінен үлкен өрттер шығып жатады, - делінген ақпаратта.

Осы ретте, ТЖД мамандары облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды.

Бұған дейін, Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарының тамақты пеште ұмыт қалдыруынан 20-дан астам рет өрт шыққанын хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар