Халықтың әл-ауқаты ауыл шаруашылығының дамуына байланысты - Т. Есполов
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Халықтың әл-ауқаты бірінші кезекте ауыл шаруашылығының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан, бүгінгі таңда еліміздегі әрбір ауылдың инфрақұрылымын қалпына келтіретін уақыт жетті.
Бұл туралы бүгін Алматыдағы «Ғылым ордасында» басталған «Интеграциялық үрдістерді дамыту жағдайындағы (АӨК) агроөнеркәсіптік кешен мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов мәлім етті.
Оның айтуынша, елімізде қазір 6900-ден аса ауылдық елді мекендер бар. Оларды сақтау, дамыту - бүгінгі күннің басты талабы. Экономиканы әр тараптандыру үдерісі барысында ауылдардың дамуы басты роль атқарады.
«Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Олардың 193 мыңы шаруа қожалықтары. Сонымен қатар, 7 мыңнан астам ауылдық кәсіпкерлер бар. Бұл аз. Ал олардың санын көбейту үшін бірінші кезекте несие беру мәселесін оңтайландыруымыз керек. Өйткені ауыл шаруашылығы қандай кезең болмасын кез келген мемлекеттің экономикасының басты саласы болып қала береді» - деді өз сөзінде Т. Есполов.
Екі күнге созылатын жиын барысында еліміздің аграрлық білім, ғылым, өндіріс саласындағы басқа да өзекті мәселелері: мемлекетаралық интеграция және ұлттық аграрлық азық-түлік нарығының түйткілдері; ДСҰ жағдайындағы Қазақстанның агроөндірістік кешенінің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі; Аграрлық өндіріс шаруашылығындағы интеграция мен кооперация; Жер қатынастары проблемалары және жер нарығын дамыту; Агроөндірістік кешенді мемлекеттік қолдау: қазіргі жағдай мен проблемалар, аграрлық экономиканың әлеуметтік қырлары мәселелері талқыланады.
Конференция жұмысына Қазақстанмен қатар, Германия, Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінің аграршы ғалымдары мен фермерлері және ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, «ҚазАгроИнновация» АҚ, осы саладағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, басқа да білім беру мекемелері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Айта кетелік, бұл басқосу Қазақ агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының құрылғанына 80 жыл толуына орай өткізіліп отыр.