Халықтың әлеуметтік белсенділігі артып келе жатыр - О. Мұхамеджанов

АНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов партияның Орталық аппаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Халықтың әлеуметтік белсенділігі артып келе жатыр -  О. Мұхамеджанов

О. Мұхамеджанов өткізген қоғамдық қабылдауға зейнеткерлер, шағын және орта бизнес өкілдері, қоғамдық ұйым өкілдері мен студенттер қатысты.

Олардың күрмеуі шешілмей жатқан проблемалары ҚР азаматтығын алу мәселесінен бастап, жүйелі шешімді талап ететін жалпы республикалық ауқымдағы мәселелерді қамтыды.

«Бүгін қабылдауда болған бір азаматшаның ұсынысы тұрғын үй қарым-қатынасына қатысты заңнамаға түзетулер мен толықтырулар енгізуге байланысты болды. Бұл қуантарлық жағдай. Ол халықтың әлеуметтік белсенділігі артып келе жатқандығын білдіреді. Адамдар өзінің тілім нанын, күйбең тіршілігін ғана емес, қоғамның саулығын ойлайды, біздің өмірімізді жақсарту жолында белсеніп жүр»,-дейді О. Мұхамеджанов.

Дегенмен халықтан түсетін ең көп сауал, Фракция жетекшісінің айтуынша, тұрғын үй, баспана мәселесіне қатысты болған. «Бұл үрдіс жыл сайын қала халқының санының өсуімен күрделене түсуде»,-дейді ол.

«Үкімет тұрғын үй бағдарламасын қабылдады. Ол 3 бағытта дамиды. Сондықтан алдағы 7-10 жылда бұл мәселе толық шешілмесе де, оның бұрынғыдай күрделілігі төмендейді»,-дейді О. Мұхамеджанов.

Қабылдауға келген азаматтардың бірқатар проблемалары орнында шешімін тапса, қалғандары кейін тиісті құзыретті мемлекеттік органдарға жолданды. Олардың барысы партияның бақылауында болады.

«Егер азаматтарымыз шынында да бір заңсыздыққа тіреліп тұрса, олардың заңды түрде шешілуіне қол жеткізе алмай жатса, оған біз кірісеміз, белсенді түрде атсалысамыз да, бұл мәселені шешеміз»,-деп атап көрсетті Мәжіліс Төрағасы.

Жалпы фракция депутаттары «Нұр Отан» ХДП-нің Орталық аппаратында кестеге сәйкес аптасына екі рет қабылдау өткізіп отырады. Жыл басынан бері нұротандық депутаттар 23 қабылдау ұйымдастырды. Оның барысында 194 арыз-өтініш қабылданған. Қазіргі таңда 185 іс өз шешімін тапты.