Халықтың әлеуметтік хал-ахуалы индикаторы бойынша оң динамика байқалды - "Стратегия" ӘСЗО" ҚҚ-ның президенті

АЛМАТЫ. Тамыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Соңғы жылда халықтың әлеуметтік хал-ахуалы индикаторы бойынша оң динамика байқалды. Оны бүгін "Стратегия" әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы" (ӘСЗО) қоғамдық қорының президенті Гүлмира Елеуова айтты,

Халықтың әлеуметтік хал-ахуалы индикаторы бойынша оң динамика байқалды -  "Стратегия" ӘСЗО" ҚҚ-ның президенті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, шілде айында жүргізілген сауалнама нәтижесінде елдегі жағдайды "бейқам, тыныш жағдай" деп бағалаушылардың саны 78%-ды құрайды. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға өскен. Ал респонденттердің әлеуметтік жағдайын "өте жақсы/жақсы" деп бағалаушылары 44%-ды құраса, "орташа" деп бағалаушылардың саны 52%-ды құраған.

"Соңғы жылы халықтың әлеуметтік хал-ахуалы индикаторы бойынша оң динамика байқалды. Жалпы, жағдайдың жақсаруы қоғамдық санада өмірге деген көңіл толушылық деңгейінің жоғарылауына себепкер болды. Бұл көрсеткіш 3 ай ішінде 14%-ға артты. Зерттеу нәтижелеріне жүгінер болсақ, бір жылдан соң "отбасымның жағдайы өзгермейді" деушілердің үлесі 35% дан 26%-ға төмендеді", деді Г. Елеуова. Оның мәлімдеуінше, келесі жылы «отбасымның жағдайы айтарлықтай жақсарады» және «аздап жақсарады» деушілердің саны сәйкесінше +7% және +4%-ға артқан.