Халықтың инвестициялық сауатын артыруға арналған телебағдарламалар саны артады

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі «2007-2011 жж. ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеру» бағдарламасы шеңберінде телехабарлар санын арттырады,

Халықтың инвестициялық сауатын артыруға арналған телебағдарламалар саны артады

деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан баспасөз клубына сілтеме жасап.

Сондай-ақ бұған дейін көрсетіліп келген бағдарламалар да жалғасатын болады. Мәселен «Хабар» арнасында шығатын "Сіздің шешіміңіз" («Ваш выход») әлеуметтік-қаржылық ток-шоуы кешеден бері жаңа нұсқада көрсетіле бастады. Аталған бағдарлама 2009 жылдың мамыр айынан бастап көгілдір экранға жол тартқан болатын. Бағдарлама қаржы саласында түрлі жағдайларға тап болған қазақстандықтарға көмектесу, тығырықтан шығудың жолдарын, шешімдерін іздестіру және қажетті кәсіби ақпараттарды ұсыну мақсатында ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігінің (АӨҚО ҚРА) 2007-2011 жж. ҚР халқының инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеру бағдарламасы шеңберінде шығарылып келген еді. Бағдарлама нарықтың барлық қаржылық секторларына: банктік, зейнетақылық, сақтандыру, сондай-ақ, құнды қағаздар нарығына қатысты кең ауқымды мәселелерді қозғайды. Ток-шоуға шынайы оқиғаны бастан өткерген кейіпкерлер, сарапшылар, талдаушылар және психологтар қатысады. 2009 жылы «Зейнетақы жинақтары», «Дағдарыс кезіндегі алаяқтық», «Автосақтандыру», «Тұтынушылық несиелер», «Исламдық қаржыландырулар», «Банктік карточкалар», «Мемлекеттік қызметкерлерге арналған құнды қағаздар», «Отбасылық бюджет», «Акциялар және халық», «Банктік жүйеге сенім», «Өмірді сақтандыру» тақырыптарымен 30 хабар жарық көрген. Жаңа маусымда қаржылық құралдар мен қызметтерге, жеке қаржы мен инвестицияны басқаруға қатысты, қарапайым халықты толғандыратын ең қызықты тақырыптар жоспарланған. Жаңа маусымда көрермен аудиториясын көбірек қамту мақсатында бағдарламаның эфирдегі уақыты өзгертілді. Ендігі жерде «Ваш выход» ток-шоуы «Хабар» телеарнасында апта сайын бейсенбі күні сағат 19:30-да көрсетіліп, жексенбі күні сағат 14:40-та қайталанатын болады. Ток-шоу орыс тілінде, жүгіртпе жолда мемлекеттік тілдегі аудармасымен көрсетіледі.

АӨҚО ҚРА өкілдерінің айтуынша тұрғындардың инвестициялық сауатын көтеру бағытында «Экономика бүгін» бағдарламасында орыс-қазақ тілдерінде «Бізбен бірге инвестицияла» атты 5 минуттық жаңа айдар көрсетіле бастады. Сонымен қатар наурыздың 24-нен бастап «Хабар» арнасындағы «Бизнес мекен» бағдарламасы аясында 5 минуттық жаңа оқыту айдары іске қосылмақ.