Халықтың коронавирусты қайдан жұқтырғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар тапшы
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда адамдардың коронавирус инфекциясын қайдан жұқтырғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар жетіспей жатыр. Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі таңда Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 250 мыңға жуық медициналық қызметкер бар. Оның 72 мыңы - дәрігер болса, 177 мыңы - орта медициналық персоналдағы мамандар. Барлық медициналық ұйымдағы эпидемиологтар саны – 8 755. Санитарлық-эпидемологиялық профильде де 2500-ге жуық маман бар», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігерінің айтуынша, денсаулық сақтау саласында Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер жетіспейді.
«Егер нақты коронавирусқа қатысты жағдайды баян етсек, бүгінгі күні коронавируспен ауырғандарды емдеуге 16 мың медициналық қызметкер жұмылдырылған. Одан бөлек, әр аумақта 1-20 пайызға дейін кадрлық резерв жасақталған. Бұл бағытта медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі жоқтығын хабарлағым келеді. Десе де, эпидемиологтар әлі де тапшы. Нақтырақ айтқанда, коронавирус инфекциясын адамдардың қайдан жұқтырып алғанын анықтайтын эпидемиолог-мамандар жетіспей жатыр. Бұл ретте 800 маманның дефициті барын айтуға болады», - деді ол.