«Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасында этникалық көшіп-қонушылардың тарихи отанына кірігу жағдайын жақсартуға бағытталған нормалар қамтылып отыр

АСТАНА. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасында этникалық көшіп-қонушылардың тарихи отанына кірігу жағдайын жақсартуға бағытталған нормалар қамтылып отыр.
None
None

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы бойынша баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдқалықова осылай мәлім етті.

«Заң жобасында этникалық көші-қонға қатысты бүгінгі күні жүргізіліп келе жатқан саясаттың идеологиясы тұтасымен сақталып, сондай-ақ этникалық көшіп-қонушылардың тарихи отанына кірігу жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Дәлірек айтқанда, этникалық қазақтар көшіп келу туралы квотаға қосу туралы арызымен өзінің тұрып жатқан елінде өтініш жасай алатындығы, квотаға қосуға келісім алған жағдайда олар келгеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде «оралман» мәртебесін алатындығы қарастырылды. Ал 10 жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат беріліп, бір ай ішінде әлеуметтік қызметтер пакетін алатын болады», - дейді министр Г. Әбдіқалықова.

Оның айтуынша, оралман отбасын квотаға енгізгеннен кейін күнтізбелік бір жыл ішінде келген басқа да отбасы мүшелері, сондай-ақ ата-аналары, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін туылған балалары сол оралмандардың көшіп келу квотасына кіре алады. Оралман квотаға қосылғаннан кейін қайтыс болған жағдайда біржолғы жәрдемақы және тұрғын үй алуға қаралған қаражаты оның Қазақстан Республикасы азаматтығын алып үлгермегеніне қарамастан, отбасы мүшелеріне беріледі. «Орналастыру өңіріне қарай сараланған біржолғы жәрдемақы берілетін болады. Оралманның тұрғын үй салуы, қалпына келтіруі немесе сатып алуы үшін жеңілдетілген несие қарастырылады. Сонымен қатар, заң жобасында жекелеген адамдар тарапынан жемқорлық әрекетін жасауына алғышарт болатын бірқатар нормалар алынып тасталды. Атап айтқанда, оралмандардың көшіп келу туралы өтінішті сенімді адам арқылы беру нормасы жойылады, квотаға енгізілген оралмандарға ақшалай қаражат Қазақстан Республикасы азаматының жеке басының куәландыратын құжаты болған жағдайда төленеді», - дейді министр. Сонымен қатар, заң жобасында квота алған кезде қоныстануға жіберілген өңірден басқа жерге алғашқы үш жыл ішінде өз бетінше қоныс аударған жағдайда оралман мәртебесін алған күннен бастап 5 жыл ішінде Қазақстаннан тыс жерде тұрақты орын ауыстырған жағдайларда, төленген төлемдер қайтарылатын болады.

Соңғы жаңалықтар