Халықтың құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген ойын өзгерту керек – ардагер полицей
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Серік Исаев біраз жылдар ішкі іштер органдарында қызмет еткен. Кезінде криминалист болған, ал бүгінде зейнетте. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі ішкі істер органдарында елеулі еңбек еткен маман ретінде елде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ардагермен тілдескен еді.
Серік Мағзұмұлы ішкі істер органдарына 1979 жылы келген. Басында жұмысқа лаборант болып кіріп, кейін милиция, сарапшы, бөлім басшысынан криминалдық департамент директорына дейінгі қызметтерді атқарған.
1997 жылға дейін Алматыда еңбек етіп, одан кейін қызмет бабымен жаңа елордаға ауысқан. 2010 жылдан бастап құрметті демалыста.
«Бейбіт митинг барлық елде болады. Оны өткізудің ережесі бар. Біздегі жағдайға келсек, басы бейбіт шеруден басталды, соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Бұл дұрыс емес. Алыс-жақын елдерде болып жатқан түрлі деңгейдегі төңкерістерден-ақ соңы немен аяқталатынын көріп жүрміз. Бұзақылық пен жаппай тәртіпсіздіктер елге еш абырой әкелмейді. Керісінше елдің дамуына артқа 20-25 жылға шегеріп тастайды. Біз өз-өзімізді тонадық деген сөз. Себебі, қираған дүниені қайта қалпына келтіру керек. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал мемлекеттік бюджет айналып келгенде халықтың қазынасы. Оның үстіне кейбір бұзақылар ісін мойындамай жатыр, сонда кім оны істеген? Сол өзіміздің тұрғындар», - деді Серік Исаев.
Оның айтуынша, өскелең ұрпақ арасында идеологиялық жұмыстарды жиі ұйымдастыру қажет.
«Әрине, кез келген азаматтың заң бойынша талап етуге құқығы бар. Бірақ, шектен шықпау керек. Қарап отырсаңыз, алаңға шыққандардың дені жас азаматтар. Сондықтан да айтарым, жастар арасында түсіндіру жұмысын жандандырған жөн», - дейді ол.
Сондай-ақ, зейнеттегі криминалист жаппай тәртіпсіздіктер кезіндегі ішкі істер органдарының әрекетіне қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет белгілі бір жағдайда күш көрсете алады. Және күш қолдану керек. Ол халықты қыру деген сөз емес, керісінше қалың жұрттың қауіпсіздігі үшін. Менің ойымша, жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алуға болар еді, бірақ мүмкіндікті уысынан жіберіп алды. Бұзақы жасаушылар мемлекеттен, биліктен сескенгені жөн. Себебі биліктің қолы ұзын. Ал біздікілер болса, жұмсақтық танытты. Өңірлердегі жағдайға келсек те сол. Жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары жоғарыдан бұйрық күтіп отырды. Ондай жағдайда шұғыл шешім қабылдап, мәселені сол жерде шешу керек. Құзыретің рұқсат беріп тұр, қол астыңда қызметкерлерің бар», - дейді бұрынғы тәртіп сақшысы.
Одан бөлек, С. Исаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәртебесін көтеру керектігін алға тартты.
«Біздің кезімізде «милиция» деген сөзбен бәрі қорқатын. Және сыйлы мамандық еді. Қазір жағдай басқаша. Олардың мәртебесін өсіріп, халықтың құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген ойын өзгерту керек. Сонымен қатар тәртіп сақшыларын жұмысқа алу талабын қатаңдату да керек. Өз басым милиция болу үшін 3-4 жыл резервте тұрдым, содан соң ғана бұйырды», - деді ол.
Сөз соңында ардагер елімізге тыныштық тілеп, Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалатынына сенім артты.