Халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге үш жылға 239 млн. 325 мың теңге бөлінді

АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге 2012-2014 жылдарға республикалық бюджеттен 239 млн. 325 мың теңге бөлінді.
None
None

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен отырысында «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» заң жобасы жөнінде баяндаған министр Берік Имашев мәлім етті.

Берік Имашевтың айтуынша, 2012-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын Әділет министрлігі бақылайды. «Жоспардың мақсаты құқықтық мәдениеттің деңгейін одан әрі арттыру, құқықтық түсіндіру жұмысының нысандары мен әдістерін жетілдіру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеудің тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте осы бағытта көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға 2012-2014 жылдар кезеңінде республикалық бюджеттен 239 млн. 325 мың теңге бөлінген», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жоспарда халықтың жеке санаттарымен құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізуді, мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты мәселелер бойынша азаматтарға консультациялар беруді, құқықтық ақпараттық қызмет жұмысын одан әрі жетілдіруді қоса алғанда бірқатар ауқымды шаралар көзделген.

«Бұл ретте республикалық бюджет қаражаты есебінен адвокаттар көрсететін заң көмегін қамтамасыз ету үшін аса көлемді қаржы бөлінеді. Айталық, 2012 жылы бұл сома 852 млн. 648 мың теңгені құрады. 2012 жылдың өзінде мемлекеттік органдар бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу, интернет-конференциялар, брифингтер және халықпен кездесулер арқылы 246 мың 339 құқықтық түсіндіру сипатындағы іс-шаралар өткізгендігін атап өткен жөн», - деді Берік Имашев.

Соңғы жаңалықтар