Халықтың өмір сүру сапасына, қарттарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданса игі
АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы халқының өмір сүру сапасы мен жоғары белсенді ұзақ өмір сүруі туралы мемлекеттік бағдарлама қабылдау керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сағиятулла Сәрсенов осылай мәлім етті.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, кедейшілік деңгейінің едәуір азаюының және халықтың әл-ауқатының өсуінің арқасында бүгінгі таңда, Қазақстанда өмір сүру орташа ұзақтығы 70 жасқа дейін өсті. Қазақстандықтар жас ұлт болғандықтан, біз ата-аналарымыздың лайықты түрде ұзақ өмір сүруіне құқықтық алғышарттар жасауымыз қажет. Бұл мәселенің моральдық жағына ешкім күмән келтіре алмасы анық. Ұзақ өмір сүру туралы айтқан кезде біз, бірінші кезекте, белсенді түрде және шығармашылық тұрғыдан өмір сүру, нақты айтқанда сапалы өмір сүру туралы айтуға тиіспіз», - дейді депутат. Оның айтуынша, қартаюдың медициналық проблемаларын шешудің анағұрлым қолайлы жолы - қартаюға байланысты және еңбек ету қабілетінен айырылуға әкелетін ағзадағы өзгерістердің алдын алуға және баяулатуға бағытталған белсенді іс-қимыл жасау бағдарламаларын құру. Ал осы саладағы маңызды бағыт - егде жастағы кісілерге емдеу, оңалту, қайталама профилактика бағдарламаларын әзірлеу және енгізу болып табылады.
«Қазақстанда егде жастағы адамдардың проблемаларын кешенді түрде шешуге тікелей бағытталған бағдарламалар мен жобалар жоқ. Бұл ретте қарт адамдармен жұмыс істейтін ұйымдар мен мекемелер арасындағы ведомствоаралық байланыстың әлсіздігін және олардың өзара іс-қимыл жасау тетігінің күрделілігін атап өту қажет. Ендеше мемлекеттің басты мақсаты - азаматтардың белсенді ұзақ өмір сүруі үшін жағдай жасау болуы тиіс», - дей келе депутат бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылдап, мәселені заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігін алға тартты.