Халықтың салық төлеу мәдениетін ынталандыра түсу керек ? Г. Қарағұсова

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Халықтың салық төлеу мәдениетін ынталандыра түсу керек.

Халықтың салық төлеу мәдениетін ынталандыра түсу керек ? Г. Қарағұсова
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қаржы министрлігінің 2008 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2009 жылға арналған міндеттері» тақырыбында өткен Үкімет сағатында Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Салықтық бақылау мәселесінде оң нәтижелерге қол жеткізу үшін мемлекет тарапынан ғана тиімді салық саясатын ұстану аздық етеді. Бұл тұрғыда қоғам арасында салықтық міндеттемелерді төлеуді ынталандыру шаралары кеңінен насихатталуы тиіс әрі салықтық төлемдер бойынша әкімшілік кедергілерді жоя түскен абзал. Сонымен бірге, салық агенттері тек қана жазалаушы орган емес, өркениеттегі елдердей салық төлеушілер үшін көмекші құрал бола білуі шарт. Егер біз жұртшылықтың салық төлеудегі мәдениетін көтере алсақ, одан келер пайда ауқымдана түседі. Бұл мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне айтарлықтай әсер етіп, экономикалық өсімді қалыптастыратын болады», - деді Г. Қарағұсова. Сондай-ақ жалған кәсіпкерліктің алдын алу мәселесіне тоқталған депутат, бүгінгі күні бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жалған кәсіпкерлікпен күрес барысында бірқатар қылмыстық істер қозғалып, мемлекет қазынасына миллиардтаған қаражат қайтарылған. «Дегенмен де, жұртшылық тарапынан осындай жалған кәсіпкерлікке байланысты шағымдар көптеп түседі. Сол үшін ең алдымен заңнама жүзінде «жалған кәсіпкерлік» ұғымына нақты түсінік берілуі қажет», -деді Г. Қарағұсова.