Халықтың табысы өседі – Қаржы министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халықтың табысына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықтың табысы өседі – Қаржы министрлігі
«Мәселе тіпті жалақыда емес, инфляциямен күресу керек. Осы жылы инфляция деңгейін екі есе түсірсек, оның өзі үлкен жетістік болады. Өйткені халықтың нақты мәндегі табысының өсуі жалғасады», - деді Е. Жамаубаев Үкімет отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Биылғы І тоқсанда Қазақстан халқының жан басына шаққандағы номиналды табысы 10,7% өскен. Бірақ, жылдық мәндегі инфляция мен азық-түлік бағасының, қызметтер ақысының артуына байланысты табыстың өсімін қымбатшылық еселеп жұтып жатыр. Соның салдарынан, халықтың шынайы табысы былтырғы І тоқсанмен салыстырғанда 5,2% төмендеп кеткен.

Бұған дейін хабарланғандай, 6 өңірде халықтың ақшалай шығысы кірісінен асып түскен.