Халықтың талаптары негізінде тиісті іс-қимыл жоспары дайындалды - «Байтақ» партиясы

None
Фото: t.me/tvkhabar24
АСТАНА. ҚазАқпарат – Адамдардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға, таза энергетиканы дамытуға ерекше мән береміз. Бұл туралы «Хабар» телеарнасында өтіп жатқан партия өкілдерінің арасындағы пікірсайыста Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан қатысқан Азаматхан Әміртаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байтақ» партиясының негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, халықтың денсаулығы мен өндірістің заманауи таза технологияларына бағытталған қуатты экономика құру. Біз үшін әділдіктің жоғары көрінісі – адамның өмірі мен денсаулығын сақтау. Партия жақында тіркелсе де, қозғалыс ретінде 10 жылдық тәжірибесі бар. Біздің кандидаттарымыз табиғи ресурстарды ашкөздікпен аяусыз игеруге қарсы», - деді А.Әміртаев.

Осы орайда ол партия құрамында барлық саланың мамандары қамтылғанын айтты.

«Біздің партиямызда экологияны қорғаушылар, ғалымдар, заңгерлер, экономистер, менеджерлер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дәрігерлер, мұғалімдер бар. Сонымен қатар, әр өңірде қоғам белсенділері біздің партиямыздың мүшесі болып отыр. Біздің кандидаттар қалың бұқарамен сайлау науқанында 3 700 жиналыс, кездесу өткізді», - деді Азаматхан Әміртаев

Оның айтуынша, партия өкілдері әлеуметтік желілер арқылы 4,5 млн адамды қамтыған.

«Партия мүшелері халыққа платформаны түсіндірді. Халықтың талаптары негізінде Мәжіліс пен мәслихаттардағы партияның іс-қимыл жоспарын жасап қойдық. Адамдардың денсаулығы мен құқықтарын қорғауға, қоршаған ортаны ластауды тежеуге, таза энергетика мен өнеркәсіпті дамытуға, жаңа технлогиялар мен инвестицияларды тартуға міндеттіміз. Атап айтқанда, балалардың таза табиғатта өмір сүруіне жағдай жасау баршамыздың міндетіміз», - деді ол.

Айта кетейік, «Хабар» телеарнасында өтіп жатқан партия өкілдерінің арасындағы пікірсайысқа «Amanat» саяси партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан» Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар