«Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына төтеп берген Ата заң» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 31 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Астанада Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиын жұмысына Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Халықтың жүрегінен шыққан, заман сынына төтеп берген Ата заң» деген тақырыппен берілген. «Біз ықылым замандардан ата заңына бағына білген, ата заңын құрметтей білген елдің ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз дала заңдарының білгірлері - билеріміздің билігіне сөзсіз бағынған. Тарихтан тағылым алған бүгінгі буын да игі дәстүрді жалғап, ұрпақ сабақтастығын үзген емес. Тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекетіміздің жүрегі болған Ата Заңымыз мәңгілік болсын! Еліміз шырқау шыңдарға, асқар асуларға алқынбай жете берсін! Конституция күні құтты болсын», - дейді Мемлекет басшысы.
***
Ел тәуелсіздігін алған күннен бастап Қазақстан Республикасында мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтыған реформалар жүргізіліп, болашақтың іргесін бекемдейтін қадамдар одан әрі жалғасын табуда. Ұлық мұраттағы мемлекеттігімізді, қолданыстағы құқықтық құндылықтарымызды нығайту, қоғам мен оның мүшелерінің толыққанды дамуын қамтамасыз ететін ашық та тиімді тетіктерді жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеру айрықша назарда ұсталуда. Сот жүйесіндегі сан тарап өзгерістер де көз алдымызда. Ол конституциялық міндеттемелер деңгейінен шығып отыр ма? Қалыптасқан құқықтық негіздің қарым-қуаты өмір мәнін нәрлендіретін қайнарлардан арна тарта алды ма? Міне осы сауалдарға «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақжан Ештай толымды жауап берген. Сұхбат «Жауапкершілік жүктейтін жұмыс» деген тақырыппен жарияланды.
***
«Известия-Казахстан» газетінде жарық көрген «Казахстанские фильмы путешествуют по миру» деген тақырыптағы мақалада Арменияда өтіп жатқан Қазақ киносы күндері жайында жазылған. Аталған елге апарылған фильмдердің басым бөлігі қазақ және Қазақстан тарихына арналғанына қарамастан көрермен тарабынан зор қызығушылық тудырып отыр. Қазақ киносы апталығы аясында 5 туынды армян көрермендері назарына ұсынылуда. Атап айтқанда, кино апталығы «Көшпелілер» туындысымен шымылдығын түрген. Сонымен қатар біздің елімізді мол аудитория жинап, ең үздік фильмдердің бірі саналған «Жаужүрек мың бала» туындысы да армян көрермендерінің назарына ұсынылатын болады.