ХАМАС атысты тоқтату келісімін орындауды жалғастыратынын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Палестинаның исламдық қарсыласу қозғалысы (ХАМАС) Газа секторындағы атысты тоқтату, соның ішінде тұтқындармен алмасу келісімін сақтау ниетін растады, деп хабарлайды ИРНА ақпарат агенттігі. 

ХАМАС келісімі
Фото: ИРНА

ХАМАС мәлімдемесінде атап өтілгендей, Газадағы ХАМАС ұйымының төрағасы және келіссөздер тобының басшысы «Халил әл-Хийя» бастаған қозғалыс делегациясы әсіресе Израиль режимінің жүйелі түрде бұзуынан кейін атысты тоқтату және тұтқын алмасу келісімінің орындалуын талқылау үшін делдардармен келіссөздер жүргізді. 

ХАМАС делегациясы Мысыр мен Қатардағы келіссөздер процесіне жауапты тұлғалармен, сондай-ақ келісімнің толық орындалуын қадағалап отырған делдардардың техникалық топтарымен кездесті.

Кездесулер мен талқылауларда келісімнің барлық ережесін сақтау, әсіресе халықты баспанамен қамтамасыз ету, тез арада құрастырмалы үйлер, шатырлар, ауыр техникалар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, жанар-жағармаймен шұғыл қамтамасыз ету және гуманитарлық көмекті жалғастыру, сондай-ақ келісімде көрсетілген басқа да барлық тармақты сақтау мәселелері талқыланды.

ХАМАС-тың атап өтуінше, келіссөздер оң атмосферада өтті. Мысыр мен Қатардағы делдалдар кедергілерді жою және олқылықтарды толтыру үшін осы пункттердің барлығының орындалуын қадағалайтындарын баса айтты. 

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні палестиналық ХАМАС тобы сенбіге жоспарланған израильдік кепілге алынғандарды босатуды белгісіз мерзімге кейінге шегеретінін мәлімдеген болатын.

Кейіннен Израиль ХАМАС-тың тұтқындарды босатуды тоқтату туралы мәлімдемесіне жауап берді. 

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху егер ХАМАС сенбі күні түске дейін кепілге алынғандарды қайтармаса, Израиль армиясы Газа секторындағы әскери операцияларын қайта бастайтынын мәлімдеді

Соңғы жаңалықтар