ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – ХАМАС Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарын тоқтатып, әскерін Газадан шығару шартымен барлық тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы хабарлады.

Газадағы ХАМАС жетекшісі Халиль әл-Хайя Израиль ұсынған «ішінара» бітімге келу ұсыныстарына жауап берді.
Ол қозғалыс мұндай уақытша бітім ұсыныстарын қабылдамайтынын айтты, өйткені олар Израиль ұсынған бітім мерзімі аяқталғаннан кейін Газадағы шабуылдардың қайта жалғасуына алып келеді деді.
— Біз Израильдің шабуылдарын толық тоқтатып, әскерін Газадан шығару, қайта қалпына келтіруді бастау және блокаданы тоқтатуды көздейтін кешенді келісім бойынша келіссөздерді дереу бастауға дайынбыз, — деді ол.
Хайя АҚШ-тың тұтқындар ісі жөніндегі арнайы өкілі Адам Болердің соғысты тоқтату және барлық тұтқындарды босату жөніндегі ұстанымын құптайтынын айтты. Оның айтуынша, бұл ұстаным ХАМАС-тың позициясына сай келеді.
Айта кетелік ХАМАС бітімгершілік келіссөзін жалғастыру үшін Қатарға делегация жіберген еді.