ХАМАС басшысы Исмаил Хания Қатарда жерленді

хамас
Фото: Mehmet Ali Ozcan/Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Қатар астанасында палестиналық ХАМАС қозғалысы саяси бюросының басшысы Исмаил Ханияны жерлеу рәсімі өтті. Ол Доханың шетіндегі Лусайл зиратына жерленді. Бұл туралы Aljazeera жазды. 

Бұған дейін саясаткердің табыты Қатардың Ұлы мемлекеттік мешітіне қойылған болатын. Онда жаназа намазы оқылды. Жерлеу рәсіміне мыңдаған адам жиналды.

Рәсімге Қатар әмірі, премьер-министр, Иран президентінің бірінші орынбасары, Түркияның сыртқы істер министрі және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.

Аза тұту рәсімінде ХАМАС басшылығының мүшелері, оның ішінде марқұмның ықтимал мұрагері деп танылған Халид Мишал да болды.

Соңғы жылдары Хания ХАМАС қозғалысының саяси кеңсесі орналасқан Қатар астанасында өмір сүрді.

Индонезия, Ливан, Малайзия, Пәкістан, Түркия және Йеменнің хуситтер бақылауындағы аймақтарында да аза тұту рәсімдері өтті.

Рәсімнен бір күн бұрын Тегеранда қоштасу рәсімі өтті.

31 шілдеде палестиналық ХАМАС қозғалысы саяси бюроның басшысы Исмаил Ханияның мерт болғанын хабарлады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Хания Тегеранда болған кезде жарылғыш зат іске қосылып, қаза тапқан.

ХАМАС Ханияның өлімі үшін кек алуға уәде берді. Ханияның Иранда өлтірілуі Тегеран мен Израиль арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтіп жіберді.

Айта кетейік, осыған орай кеше Түркия мен Пәкістан халқы да аза тұтқанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram