ХАМАС Израильге 11 жыл бұрын Газада қаза тапқан әскеридің денесін қайтарды
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль билігі жексенбі күні тапсырылған мәйіттің 2014 жылы Газа секторында қаза тапқан лейтенант Хадар Голдинге тиесілі екенін растады, деп хабарлайды BBC.
— Сәйкестендіру үдерісі аяқталғаннан кейін Израиль Қорғаныс әскерінің өкілдері тұтқынға түскен лейтенант Хадар Голдиннің отбасына олардың жақыны Израильге қайтарылғанын хабарлады, — делінген премьер-министр кеңсесінің мәлімдемесінде.
Голдин — атышулы бітім келісімі аясында мәйіті қайтарылған 24-ші тұтқын. Жалпы, ХАМАС барлығы 28 адамның денесін қайтаруға міндеттелген.
— Ұзақ та азапқа толы 11 жылдан кейін Израиль қаһарманы лейтенант Хадар Голдин бүгін туған еліне оралды, — деп жазды президент Ицхак Герцог X әлеуметтік желісінде.
Израиль әскері Голдин екі солдатпен бірге атыс барысында қаза тапқанын, кейін оның денесін содырлар алып кеткенін айтады. ХАМАС-тың әскери қанаты оның мәйіті Рафах ауданындағы туннельден табылғанын мәлімдеді. Бұған дейін ұйым Голдиннің қаза тапқанын да, оның денесі өздерінде екенін де мойындамаған еді.
Еске сала кетсек, Израиль ХАМАС жексенбі күні қайтарған тағы үш тұтқынның жеке басын раcтады. Ал Нетаньяху ХАМАС қозғалысын қарусыздандырамын деп уәде берді.