ХАМАС өкілдері Египетке келіссөз жүргізуге барды
АСТАНА. KAZINFORM – Палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторындағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді жалғастыру үшін Египетке делегация жібергенін растады. Бұл туралы ұйымның Telegram-арнасында хабарланып, ақпаратты ТАСС агенттігі таратты.

Хабарламада қозғалыс делегациясын Газа секторындағы ХАМАС жетекшісі Халиль әл-Хайя бастап барғаны айтылған. Сапар Египет тарапынан шақыру негізінде жүзеге асқан.
Каирдегі келіссөздер кезінде ХАМАС өкілдері Египет пен Қатар делдалдарымен атысты тоқтату туралы келісім мүмкіндіктерін талқыламақ. Ұйым Газаға ұзақмерзімді бітім, израильдік әскердің толық шығуы және тұтқын алмасуға қатысты кез келген нақты ұсынысты оң қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Al Hadath телеарнасы ХАМАС делегациясы 12 сәуірде Египетке баратынын хабарлаған еді.
Сондай-ақ палестиналық Maan агенттігі 18 сәуірде Каирдің жаңа бастамасы туралы хабарлады. Онда ХАМАС-тың 8–9 тұтқынды, соның ішінде қос азаматтығы бар Иден Александрды босатуы, сондай-ақ қаза тапқан 8 тұтқынның денесін қайтаруы ұсынылған. Өз кезегінде Израиль 150-і өмір бойына сотталғандарды қоса алғанда, бірнеше жүз палестиналықты босатуы тиіс.
Бұл келісімге сәйкес 50 күндік гуманитарлық үзіліс жарияланып, қажет болған жағдайда 70 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Осы кезеңде тараптар жанама келіссөздердің екінші кезеңін бастауға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль Ливанға соққы беріп, ХАМАС қолбасшысы қаза тапқанын жазғанбыз.