ХАМАС пен ФАТХ Бейжіңде татуласу декларациясына қол қойды

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM — ХАМАС пен ФАТХ алауыздықты тоқтату мен бірлікті нығайтуға бағытталған «Бейжің декларациясына» қол қойды. 

декларация
Фото: Қытай Сыртқы істер министрлігі

Қытай Сыртқы істер министрлігі 23 шілдеде таратқан хабарға қарағанда, Қытай Сыртқы істер министрі Ван Идің төрағалығымен 14 палестиналық фракция өкілдері Бейжіңде жиналыс өткізіп, «Палестинаның бөлінуін тоқтату және ұлттық бірлікті нығайту туралы Бейжің декларациясына» қол қойған.

«Бұл — Палестинаны азат ету жолындағы маңызды және тарихи сәт», — деді Ван И.

декларация
Фото: Қытай Сыртқы істер министрлігі

Ван И Қытайдың бүкіл тараптардың бітімге келу жолындағы талпынысын жоғары бағалайтынын және Бейжің диалогының сәтті өткенін сөз етіп, Бейжің декларациясына қол қойғандарды құттықтады.  

Ван И сондай-ақ декларацияға қол қою арқылы қос тарап елеулі келіспеушілікті шешу жолында жаңа қадам жасағанын айтты. 

Оның айтуынша, Бейжің декларациясында «Палестинаны азат ету ұйымы» — бүкіл Палестина халқының жалғыз заңды өкілі екені нақтыланған. 

ХАМАС пен ФАТХ 17 жылға созылған саяси келіспеушілігін шешу үшін осы жылдың сәуір айында Бейжіңде консультация өткізген.

Соңғы жылдары Қытай ұзақ уақыт бойы АҚШ-тың үстемдігінде болған Таяу Шығыста өзінің дипломатиялық ықпалын белсенді түрде көрсетіп келеді. 

ван и
Фото: Қытай Сыртқы істер министрлігі

Дипломатиялық қарым-қатынасы ұзақ жылдар бойы үзілген Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы өткен жылғы бітімгершілік келісімінен кейін биыл олар Палестина ішілік бітімгершілікке жәрдемдесу және аймақтағы бітімгершілік делдал позициясын иелену үшін талпынысын күшейтті.

Соңғы жаңалықтар