ХАМАС сенбі күні бостандыққа шығатын кепілдегі төрт израильдіктің атын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Тізімде Карина Ариев, Даниэлла Гильбоа, Наама Леви және Лири Альбаг бар. Олардың барлығы әскерилер, деп хабарлайды BBC.

ХАМАС сенбі күні бостандыққа шығатын кепілдегі төрт израильдіктің атын атады
Фото: видеодан алынды, youtube euronews

Газа секторындағы атысты тоқтату келісімі аясында төрт израильдік кепіл сенбі күні босатылады. Оның орнына Израиль 180 палестиналық тұтқынды түрмеден шығарады.

Бұл атысты тоқтату келісімі күшіне енген өткен жексенбіден бергі екінші алмасу болмақ. Бірінші алмасуда Израиль кепілге алынған үш адамды елге қайтарып, 90 палестиналықты босатты.

Атысты тоқтатуға дейін Газадағы шайқас арада қысқа үзіліспен бір жылдан астам уақыт жалғасты. 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС Израильге шабуылдаған болатын. Нәтижесінде 1200-ге жуық израильдік көз жұмды.

Тағы 250-ден астам адам кепілге алынып, Газа секторына жеткізілген.

ХАМАСтың бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Израильдің әскери операциясында 47 200-ден астам палестиналық, негізінен бейбіт тұрғындар қаза тапты.

Ариев, Гильбоа, Леви және Альбаг Газа секторымен шекарада орналасқан бақылаушылар бөлімшесінің құрамында болған. Төртеуі де 2023 жылы 7 қазанда ХАМАС басып алған «Нахаль-Оз» әскери базасында тұтқынға алынған.

ХАМАС таяу арада кепілге алынған 26 адамға қатысты ақпарат береді деп жоспарланған. Олар бітім шарттарына сәйкес алдағы бес апта ішінде босатылуы тиіс. Олардың арасында Бибас отбасының барлық мүшесі – ата-анасы мен екі баласы бар, олардың кенжесі Кфир кепілге алынған кезде 10 айлық нәресте болған.

Израиль бұл жолы босатуды жоспарлағандар арасында кісі өлтіргені үшін сотталғандар, оның ішінде 15 жылдан астам түрмеге отырғандар да бар.

Израиль 7 қазандағы шабуылға қатысы бар адамдарды босатудан бас тартты.

Айта кетейік, бұған дейін Израиль Ливаннан әскерін шығару үшін келісілген 60 күннен бөлек қосымша 30 күн сұрағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар