Хамас содырлары Израильге зымыранмен шабуыл жасап, 20-дан астам адам мерт болды

Хамас
Фото: euronews.com

Газа секторындағы палестиналық радикалдар Израиль аумағына зымыран атқылап, Израильдің орталығы мен оңтүстігінде ерекше жағдай енгізілді. ҚазАқпарат бұл туралы euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Израиль сенбі күні Палестина тарапының жаппай зымыран атуына жауап ретінде Газа секторында әскери операция бастады. Ол «Темір қылыштар» деп аталды. Бұл туралы армияның баспасөз қызметінен хабарлады. Израильдің ондаған жойғыш ұшағы Хамастың анклавтағы нысандарына соққы беруде.

Бұған дейін Израильдің қорғаныс министрі Йоав Галант Газа секторынан сенбі күні таңертең басталған зымырандық шабуылдарға байланысты Израильдің орталығы мен елдің оңтүстігінде «арнайы қауіпсіздік жағдайын» енгізуді бұйырды. Бұл туралы елдің Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жағдайды Израиль қорғаныс құрылымдарының басшылығымен бірге бағалаудан кейін Қорғаныс министрі Йоав Галант Газа секторынан 0-ден 80 шақырымға дейінгі радиуста Израиль тылында «ерекше қауіпсіздік жағдайын» жариялады. Бұл статус Израиль қорғаныс күштеріне азаматтарға қауіпсіздік нұсқауларын беруге және қажетті нысандарды жабуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Газа секторынан 80 км-ге дейінгі радиустағы аумақ Газа секторымен тікелей іргелес жатқан елдің оңтүстік аймақтардан басқа, Израильдің орталық бөлігін Тель-Авивпен және оның маңындағы аудандармен, сондай-ақ Иерусалим және Негев шөлінің бірнеше аудандары, соның ішінде Бээр-Шеву қаласын қамтиды.

Бұған дейін Израиль армиясының баспасөз қызметі Палестина анклавы тарапынан Израиль аумағына зымыран атылғаны туралы ақпаратты растады. Елдің көптеген елді мекендерінде, соның ішінде Тель-Авив аймағы мен оның төңірегінде дабыл үздіксіз соғылды. Қалыптасқан жағдай аясында Израиль армиясы «соғысқа әзірлік жағдайын» жариялады, ал елдің Қорғаныс министрі Йоав Галант армияға резервистерді алуды мақұлдады.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Израильдегі атқылаудан кейін қаза тапқандар саны 20 адамнан асты, 300-ге жуық адам жарақат алған.

Израиль телеарнасының хабарлауынша, лаңкестер Израильдің оңтүстігіндегі бірнеше кибуцыға кіріп алып, адамдарды тұтқынға алып жатыр.

Хамас «Израильдің бірнеше елді мекені оның толық бақылауында» екенін мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар