Хаменова: Халықтың Тұңғыш Президенті болу - нардың белі қайысар жүгін арқалаумен пара-пар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықтың Тұңғыш Президенті болу - нардың белі қайысар жүгін арқалаумен пара-пар. Мұндай ұсынысты бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Хаменова: Халықтың Тұңғыш Президенті болу - нардың белі қайысар жүгін арқалаумен пара-пар

«Бүгінгі әлемдік қауымдастық Қазақстанды бейбітшілік салтанат құрған, береке-бірлікті ту еткен ел ретінде таниды. Ұстанған саясатымен санасады. Бастамаларын қолдайды.  Дүниежүзі елдерінің тарихына қарайтын болсақ, тәуелсіздігін жариялаған жас мемлекеттер ширек ғасыр ішінде мұндай дәрежеге жете алғаны бар ма? Ал осындай дәрежеге аз уақыттың ішінде қол жеткізу біздің еліміз үшін, сындарлы сәтте ел тағдырын қолына алған Елбасымызға оңайға соқпағаны ақиқат. Барша елдің, халықтың Тұңғыш Президенті болу - нардың белі қайысар жүгін арқалаумен пара-пар», - деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұған көшбасшылық, қайраткерлік, ұлтжандылық, халықшылдық, дара болмыс, кемел ақыл мен терең білім, өмірлік бай тәжірибе, туабітті саяси даналық керек.

«Бұл тұрғыда жұртымыздың бағы жанды, асығы алшысынан түсті. Сын сәтте қазақ жұртының тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді. Биылғы жылғы Елбасының Билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі үндеуі - сөзіміздің дәлелі. Елбасымыз осы үндеуі арқылы Қазақстан Республикасының тарихындағы дамудың жаңа кезеңін тағы да айқындап берді. Тәуелсіздіктің таңы атқалы қазақ жұртының шаңырағын шайқалтпай, ел еңсесін тіктеуді ғана ойлаған Елбасы басқа билік тармақтарына өзінің 60-қа жуық өкілеттілігін беру туралы шешім шығарды», - деді Хаменова.

Оның атап өтуінше, бұған дейін билікті төбе билерімен бөліске салып, ел тағдыры үшін дара да дана жолды таңдау, ғасырлық шешім қабылдау бұрын-соңды қазақ ғұмырнамасында болмаған теңдессіз ақиқат.

«Бұл парасатты шешім - уақыттың өзі екшеген, еліне деген сенімнен туған әділетті шешім. «Мен не істесем де, қабырғалы халқыма арқа сүйеп істедім», -деген Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы сөзі бар. Елбасының 26-бап туралы шешімі осы орамды ойдың нақты дәлелі», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, бірлескен отырыс барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.