Хаменова ісі: Басқарма басшысы 7, серіктестік директоры 4 жылға сотталды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты тергелген басқарма басшысы 7, серіктестік директоры 4 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биылғы 26 мамырда Атырау қаласының №2 сотына ҚР Қылмыстық кодексі 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға, Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевке, ҚР Қылмыстық кодесі 367-бабының 2-бөлігімен «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовқа қатысты қылмыстық іс түсті.

Бүгін, 15 қарашада Атыраудағы №2 қалалық сотта аталған қылмыстық іс қаралды.

«Сот Ақылбек Рысқалиевтың жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының болуын, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа қатысушыларын әшкерелеуін таныды. Ал, Өміртай Адамов үшін жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде зейнеткерлік жасын, асырауында төрт және үш кәмелетке толмаған баласы бар екі мүгедек баласы болғанын, ауыр қылмыстық құқық бұзушылықты отбасылық және басқа да жағдайлардың салдарынан жасағанын ескерді. Сотталушы Ақылбек Рысқалиевқа 7 жыл, Өміртай Адамовқа 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», -деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Екеуі де мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сотталушылар сот залынан қамауға алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысында басқарма басшысы оған жала жапқанын айтқан еді.

Бүгінгі сот отырысында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар