«Хан Абылай: таным мен тағылым» атты көлемді жинақ жарық көрді

Ел билеген хандар мен сұлтандар, батырлар мен билер халықты тұтастыққа ұйыстыруда, қазақ жұртын сыртқы жаудан қорғау, елдің тәуелсіздігі мен жердің тұтастығын, бірлігін сақтау жолында қайраткерлік таныта білді. Сондай ірі қайраткердің бірі - Абылай хан.
Көрнекті мемлекет қайраткері, аты аңызға айналған Абылай ханның ғұмырнамасы мен атқарған істері туралы халық деректері молынан сақталып жеткен. Халық танымында Абылай қазақ жерін жаудан қорғау, оның азаттығын сақтау жолында ерекше ерлік көрсеткен батыр, елдің бірлігін жарастырған дана билеуші ретінде ардақталады. Кітапта атақты ханның ел жүрегінде сақталған бейнесі мен халықтың билеуші туралы таным-тағылымы талданады.
Көлемді жинақта Абылай ханның балалық шағынан бастап ел басқарған кезеңі, қайраткерлік қызметі, даналығы, кейінгі ұрпаққа қалдырған үлгі-өнегесі, тарихтағы орны мен рөлі жан-жақты көрініс тапқан.
Кітаптың келесі бір қосымша бөлігі Абылай хан туралы аңыздардан құралған. Мұның ішінде көптеген аңыз-әңгімелер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан алынған. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармаларынан да үзінділер берілген.
Бұқар жырау, Үмбетей жырау және Тәтіқара ақынның Абылайға айтқан жыр-толғаулары да жинаққа еніп отыр.
Осы еңбекті жазу барысында пайдаланылған әдебиеттердің өзі 140-тан асады. Оның ішінде шетел және қазақ ғалымдарының еңбектеріне сілтеме жасалған, жыр-дастандар көрсетілген.
«Абылай хан қазақ тарихының аса күрделі, ел тағдыры қиын-қыстау күй кешкен ХVІІІ ғасырда өмір сүрді. Ұлт, ел болашағына қатты қатер туғызған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезеңінде саяси сахнаға көтерілген Абылай қазақ хандығының мемлекеттің нышандарын сақтап қалған қайраткер ретінде танылды. Оның билеуші қайраткерлік қызметі ел жүрегіне ұялап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді», - деп қорытынды ой түйеді кітап авторлары.