22:47, 06 Қазан 2013 | GMT +5
«Хан Абылай: таным және тағылым» атты кітап жарық көрді
АСТАНА. 6 қазан. Baq.kz - Қазақ халқының даңқты қолбасшысы, үш жүздің басын қосқан Абылай ханның 300 жылдығына арналған «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Хан Абылай: таным және тағылым» атты кітаптың тұсаукесері өтті деп хабарлайды Baq.kz.

Көрнекті мемлекет қайраткері, аты аңызға айналған Абылай ханның ғұмырнамасы мен атқарған істері туралы халық деректері молынан сақталып жеткен. Халық танымында Абылай қазақ жерін жаудан қорғау, оның азаттығын сақтау жолында ерекше ерлік көрсеткен батыр, елдің бірлігін жарастырған дана билеуші ретінде ардақталады. Кітапта атақты ханның ел жүрегінде сақталған бейнесі мен халықтың билеуші туралы танымы-тағылымы талданған.
«Тарих және халық» сериясы бойынша шыққан кітаптың авторлары Ерлан Сыдықов пен Алмас Әбсадықов аталған дерекнамалық жинақты Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті және Тарихшылардың ұлттық конгресінің қолдауымен шығарып отыр.