Хан Кененің алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс бастаған бекінісінің орнында ескерткіш тақта орнатылса игі - А. Смайыл

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Хан Кененің алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс бастаған бекінісінің орнында ескерткіш тақта орнатылса игі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Алдан Смайыл Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында осы мәселені көтерді,

Хан Кененің алғашқы ұлт-азаттық көтеріліс бастаған бекінісінің орнында ескерткіш тақта орнатылса игі - А. Смайыл

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кенесары ханның Орынбор генерал-губернаторына жазған хаты: «Мен Кенесары Қасымов қолға қару алып, ұлы күресті басқаруға аттандым...»,- деп басталады. Қазақ халқына қысымды тоқтату, Сарыарқаны өрмекшінің торындай шырмап тастаған сегіз дуан мен бір-біріне қолдың саласындай жалғасқан бекіністерді жою жөніндегі талабы орындалмағаннан соң, Хан Кененің басқа амалы қалмаған еді. Қалың ел қайраттанып атқа қонды, ұлан дала «Тәуелсіздік» деп ұрандады. Намысты елдің бәрі Ақмолада тоғысты. Дулаттан шыққан Бұғыбай, Табын Жоламан, Қыпшақ Басықара, Арғын Жекебатыр, Атығай Аңғал, Шұбыртпалы Ағыбай, Сүйіндік Жанайдар бастаған қалың қол 1838 жылғы мамырдың 25-інде Ақмоладағы бекіністі тікелей шабуылмен тас талқан етті. Сол жойқын күрес 27 жылға созылды», деді А. Смайыл.

Оның айтуынша, қазақ елінің бүкілхалықтық сипатқа ие болған осы алғашқы ұлт-азаттық көтерілісіне биыл 172 жыл толады. Осы ретте депутат аталмыш көтерілістің 165 жылдығы қарсаңында Астананың зиялы қауымы бекініс тұрған жерге ескерткіш белгі орнатып, есіл ерлердің қаһармандығын ардақтау туралы өтініш жасалғанын айтты. Бірақ бұндай ұсыныс аяқсыз қалыпты.

«Бәлкім елордада Кенесары ескерткіші бар ғой деген шығар. Алайда азаттық үшін Хан Кенемен бірігіп талай батырлар шайқасқан жоқ па? Сондықтан ел тарихындағы ұлы оқиға, алғашқы ұлт азаттық көтерілісін дара құрметтеу қажет. Сол үшін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында бұл өтінішті қайта көтеріп отырмыз. Ұлт ерлігін, халық қаһармандығы мен қария тарихты қадірлей алатындығымыз рас болса, осы жолы талап-тілегіміз ескерілер деп сенеміз», деді А. Смайыл.