«Хан шатырдағы» жасанды жағажайда балалардың хлор буына улануына олардың аталған орында ұзақ уақыт болуы, сондай-ақ аллергиялық төзімсіздігі әсер еткен болуы мүмкін - Ж. Бекшин

ТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «Хан шатырдағы» жасанды жағажайда балалардың хлор буына улануына олардың аталған орында ұзақ уақыт болуы, сондай-ақ аллергиялық төзімсіздігі әсер еткен болуы мүмкін.

«Хан шатырдағы» жасанды жағажайда балалардың хлор буына улануына олардың аталған орында ұзақ уақыт болуы, сондай-ақ аллергиялық төзімсіздігі  әсер еткен болуы мүмкін - Ж. Бекшин

Бұл туралы бүгін еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті бас басқармасының директоры Жандарбек Бекшин мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елордадағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешеніндегі жасанды жағажайда ұзақ уақыт болған 6-10 жастағы бес бала «хлор буына улану» диагнозымен 2- балалар ауруханасына түскен болатын.

«Алғашқы медициналық жәрдемнен кейін, сағат 22-ге таман балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Дегенмен, тәулік бойы жіті қадағалауда болып, бүгінгі күні олар ауруханадан шықты», - дейді Ж. Бекшин. Оның айтуынша, «Хан Шатыр» кешеніндегі жасанды жағажайды тексеру барысында онда орналасқан үш бассейннен хлор қалдығына 45 сынама алынып тексерілген. Ол суларда хлор концентрациясының мөлшерден артуы анықталмады. «Бұдан соң, ауаның 55 нүктесінен сынама алынды. Соның тек 1-еуінде ғана хлордың шамадан артық екендігі анықталды. Ол нүкте толқын шығаратын бассейінде болып отыр. Ал улану себебіне келсек, балалар әлгі жасанды жағажайдағы 30 градустық температурада 10 сағат бойы болған. Сонымен қатар, осы күні бассейнде 190 адам түскені, оның 62-сі балалар екендігі белгілі болды. Дегенмен, медициналық көмекке аталған азаматтардың ішінен тек бір отбасындағы 5 бала жүгініп отыр. Соған қарағанда, балалардың улануына негізінен бассейінде ұзақ уақыт болуы, олардың шаршауы, сондай-ақ балалардың хлор препараттарына аллергиялық төзімсіздігі де себеп болғанға ұқсайды. Осының бәрі жинақталып келіп, жеңіл улануға соқтырған болуы мүмкін», - дейді Ж. Бекшин.

Оқиғадан соң, кешен иелері санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қаулысынсыз-ақ бассейнді жауып, себепті анықтау үшін 50 текше метрге тарта суды ағызған. «Бұған дейін дәл осындай оқиға тіркелмеген. Кешенді жалдаған кәсіпкерлер оқиға себебін анықтауға өздері де құлшынып отыр. Сондықтан да, «Хан шатырдағы» бассейн қазіргі уақытта жұмыс істемейді»,- деді Ж. Бекшин.