Ханбибі Есенқарақызы астаналық оқырмандармен жүздесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, ақын Ханбибі Есенқарақызымен кездесу болып өтті. «Өзегі толы өрт өлең» атты шығармашылық кешінде ақын соңғы жылдары шығарған қоғам, заман туралы өлеңдерін оқып берді.
Ақын қазіргі нарықтың халыққа салған салмағын, Кеңес кезеңінде ақша құнсызданғанмен, адамға құның жоқ деп айтуға болмайтынын, бұл өмірде алақан жайғандар бар екенін айта келіп:
«Бүгінгі өмір атпай, аспай өлу де,
Бүгінгі өмір мылтығы жоқ майдандар!»- деп ғасыр мінберінен тіл қатады.
Ханбибі Есенқарақызы өлең өлкесінде өзіндік орны бар ақын. Қазір өзі туып-өскен Шымкент қаласында тұрады. Кезінде Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов сияқты қазақ халқының ардақты қаламгерлерінен бата алған. «Қазақ жыры кіріспесі Бұқар жыраудан басталатын үлкен бір топ болса, Ханбибінің ақындық творчествосы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады»,- деп поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова айтқаны белгілі.
Енді міне, Астанада өткен жыр кешінде ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы Ханбибі ақынды 1972 жылдан бері білетінін айта келіп, оның ақындық, қайраткерлік қасиеттеріне тоқталды. «Ханбибіні оқырмандар, өнер мен әдебиет сүйер қауым жақсы көреді. Қазақ ақындарының ішінде Ханбибінің орны бөлек. Ол қазақтың қайраткер қызы, замандасымыз болғандықтан, біз оның іскерлігін де, туралығын да жоғары бағалаймыз. Қайраткерлік мінез таныту кез келген ақын қыздың қолынан келе бермейді», - деді Серік Тұрғынбекұлы. Сөзінің соңында ақын «Хан қызындай Ханбибі» өлеңін оқып берді.
Танымал әнші Кенжеғали Мыржықбай «Нұрикамал» әнінің алғаш орындалуы туралы айта келіп, кең диапозонды дауысымен әйгілі туындыны тамылжыта шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Елорда оқырмандары алдында өлең оқыған ақын:
«Періште емес, пендемін,
Мәңгі емеспін - демдемін!
Көрдім талай мықтының
Мықыны көктен келгенін!»- деп тебіренді.
Ақтөбеден арнайы келген қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы: «Ханбибінің поэзиясы бөлек дүние. Өлеңдерін қызығып оқимыз. Ханбибінің тағы бір үлкен еңбегі - «Ақ жол» газетін қазақ халқына таныстырғаны. «Ақ жол» 1920-26 жылдар аралығында шыққан ғой. Газет бетінде қазақтың өткір мәселелері жазылды. Ханбибі «Ақ жол» газетінің он томдығын жарыққа шығарды, енді қалған он томын жариялау мақсатында еңбек етіп жүр. Бұл - Ханбибіге емес, қазаққа керек құнды дүние. Жоғары оқу орындары үшін де таптырмайтын оқулық болмақ. Тарихшылар мен журналистерге де қажет-ақ»,- деді.
Белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, сондай-ақ Түркиядан іссапармен келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдіуақап Қара мырза сөз сөйлеп, ақын поэзиясының биік парасаты мен ұшқыр ойлары жөнінде ой толғады.
Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан Ханбибі Есенқарақызымен кездескен сәттері жөнінде айта келіп, кез келген ақын жеткізе алмаған ойларды осы ақын әпкесінің айта алғандығын атап өтті.
Ал ақын Ауыт Мұқибек өз сөзінде шекараның сыртында өмір сүріп жатқан бауырларға арнап Ханбибі апайдың сағынышқа толы өлең жазғанын айта келіп: «Апа, сізге шетелде тұрып жатқан 5 млн қазақ риза»,- деп алғысын жеткізді.
Осы жыр кешінде Х.Есенқарақызы жас ақын, Еуразия университетінің І курс студенті Әлімжан Әлішерге батасын берді. Оқырмандардың сұрақтарына жауап қайтарды.
Шығармашылық кешті жүргізген ақын Маржан Ершу Ханбибі әпкесінің өлең өлкесіндегі өзіндік орны, асау жырларындағы еркіндік лебі жайлы баяндап берді.
Ұлттық академиялық кітапхананың бас директоры, педагогика ғылымдарының докторы Үмітхан Мұңалбаева Ханбибі Есенқарақызына шығармашылық табыс тілеп, оқырмандар атынан сый-сияпат көрсетті.
Кеш соңында Х. Есенқарақызы: «Қанша жерден ақын болсаң да, біріншіден, ең әуелі әйелсің, екіншіден, анасың. Содан кейін барып ақынсың. Жалпы, кітапхана мен ақынның кіндігі бір деп айтсақ болады. Ақынның шығарған «өнімі», яғни, өлең кітаптары ең бірінші кітапханаға жол тартады, сол арқылы оқырмандардың қолына жетеді»,-дей келіп кітапхана ұжымына ризашылығын білдірді.