Ханчжоу - Алматы әуе рейсімен алғашқы жолаушылар ұшып келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қытайдың әуе компаниясы Қазақстан бағытында рейс ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Ханчжоу - Алматы әуе рейсімен алғашқы жолаушылар ұшып келді

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы авиациялық биліктерінің бірлескен жұмысының арқасында бүгін қытайлық «Loong Airlines» әуе компаниясы Ханчжоу - Алматы бағыты бойынша алғашқы жолаушылар рейсін орындады. А321 үлгісіндегі әуе кемелері аптасына 3 рет (сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері) ұшады.


«Жаңа әуе тасымалдаушының Қазақстан әуе тасымалы нарығына кіруі, сондай-ақ жаңа әуе бағытының ашылуы елдер арасындағы сауда-экономикалық, туристік және мәдени ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал етеді», - делінген комитет мәлімдемесінде.

Айта кетсек, Ханчжоу қаласы – Чжэцзян провинциясының астанасы. Қала халқының саны – 10 млн. 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында қалада 19-шы Азия ойындарын өткізу жоспарланып отыр. Ханчжоу қаласының әуежайы – Қытайдағы ең көп жұмыс істейтін 10 әуежайдың бірі.