Ханчжоуда өтетін IV жазғы Азия Пара ойындарына қатысатын спортшылар дүбірлі додаға дайын ба
Ханчжоу-2022 IV жазғы Азия Пара ойындарына қатысатын ұлттық құрама спортшылары жарысқа қалай дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Парадзюдодан әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Ерғали Шамейдің айтуынша, қазір қызу дайындық жүріп жатыр.
«Құрамамыз Азия Пара ойындарына толық дайын десем болады. Қазір екі апталық дайындық өтіп жатыр. Күнделікті татами үстінде жаттығып жүрміз. Жалпы, 2018 жылы Қазақстан құрамасы ең алғаш Азия Пара ойындарына қатысқан болатын. Ол кезде командамыз үшінші орын алған. Биыл екінші мәрте қатысқалы тұр. Бұл жолы бұрынғыдан жоғары деңгейде өнер көрсетеміз деген ойдамын. Қазір дайындық өте жақсы. Айту керек, биыл дзюдодан Пара әлем ойындарында біздің команда жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған болатын. Жалпы, Пара Азия ойындарына қатысқалы отырған қыз- жігіттерден көп үміт күтеміз. Олардың барлығы спортпен бұрыннан айналысып келе жатқан мықты спортшылар», - деді Ерғали Шамей.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиаданың күміс жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Раушан Қойшыбаеваның айтуынша, спортшылар қазір жарысқа 100% дайын.
«Қазір жарысқа сақадай сай дайынбыз. Жарыста ең бастысы елдегі дайындығымыздың жақсы нәтижесін көрсете білу. Соған ұмтылу керек. Жалпы, біз параспортшылар бір-бірімізді үнемі қолдап отырамыз. Биыл сондай-ақ Азия ойындарына бұрын қатыспаған жаңа спортшылар бармақшы. Оларға да зор үміт артылып отыр. Қазір дайындық жақсы өтіп жатыр. Мен бұрын 67 келі салмақта сайысқа түсетінмін. Бүгінгі күні 73 келіге ауыстым. Бұл салмақта менің қарсыластарым осал емес. Алайда оған қарамай, жарыста бар күшімізді салып, еліміздің Туын биікке көтеріп, көп медаль алу үшін аянбайтын боламыз», - деді Раушан Қойшыбаева.
Пара дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Альфия Тілекқабыл дзюдомен айналысып келе жатқанына бір жылдай ғана уақыт болған. Алайда осы уақыт ішінде ол екінші Азия ойындарына бармақшы.
«Жасым 17-де. Пара дзюдомен айналысып жүргеніме бір жылдай уақыт болды. Бұған дейін Азия чемпионы атанғанмын. Бұл жетістікке мен көп жаттығу жасау арқылы келдім. Қазір Пара Азия ойындарына дайындық жақсы өтіп жатыр. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Алдағы жарыста мен 57 келі салмақта қатысамын. Алдағы мақсатым – осы Пара Азия ойындарында бірінші орын алып, келесі жылы Парижде өтетін паралимпиадаға жолдама алып, оған қатысу», - дейді Альфия.
Еске салайық, сары құрлықтың басты бәсекесі 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында өтеді.
Сондай-ақ Алматыда Ханчжоу-2022 IV жазғы Азия Пара ойындарында өнер көрсететін ұлттық құрама спортшыларын салтанатты шығарып салу жиыны өткенін хабарлағанбыз.