«Хандарды көзір қылған...» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Желтоқсанның 2-сі. /ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда желтоқсанның 2-сі,  сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

 «Жаңа жылдық бас шыршаның шамдары жағылды». «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы бұл мақала, кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың алдындағы алаңда орнатылған еліміздің Жаңа жылдық бас шыршасы шамдарының жағылу рәсіміне қатысып, жиналған астаналық балдырғандардың зор қуанышымен бөліскендігін  жазды.

Мемлекет басшысымен болған тікелей желі кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа, нашақорлыққа, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға, заңсыз көші-қонға қарсы күрес проблемалары жөнінде 2 мыңға жуық сауал келіп түсті. «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Қылмысқа қарсы күрес жүйелі жүруі тиіс» деген тақырыппен осы сауалдарға Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтың берген  жауаптары жарияланыпты.

Сондай-ақ аталмыш басылымда жарық көрген «Баршаға таяныш болған қазаққа да сүйеніш керек» атты мақалада филология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы Ел бірлігі доктринасы туралы өз ойларын ортаға салады.

***

«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстан Республикасының Премьер-министрі Данияр Үсеновті қабылдады. Президенттің баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, кездесу барысында қазақ-қырғыз экономикалық ынтымақтастығын әрі қарай дамытудың бірқатар мәселелері талқыланған»,- деп жазды «Айқын» басылымының  бүгінгі саны. Толығырақ басылымдағы «Қырғыз қазақтан қанша қаржы сұрап келді?» деген сауалды тақырыпқа құрылған мақаладан оқыңыздар.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ұйымдастырылған тікелей желідегі сұхбат барысында түскен сауалдардың 400-ге жуығы мемлекеттік қызметке қатысты болды. «Айқын»  газетінің бүгінгі санында «Мемлекеттік қызмет Мемлекет басшысының назарында тұр» деген тақырыппен Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісов аталған салаға қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріпті.

 Сонай-ақ аталмыш басылымның дәстүрлі «Қазақтың 100 әні» айдарында музыка зерттеушісі Бағлан Бәбіжаннің «Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны» жайында ой өрбіткен.

***

«Астанадағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәжілісінде Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштеріне қатысты жүргізілген арнайы сараптаманың қорытындысы жарияланды. Кейінгі бір айда бұқаралық ақпарат құралдары белсенді түрде талқылаған тақырыпқа нақты түсінік берілді»,- деп жазған «Алтын орда» апталығының осы жолғы санындағы мақала «Хандарды көзір қылған...» деген тақырыппен дау-дамайлы ескерткіштерге назар аударыпты.

«Сыршыл да, мөлдір лириканың шебері, ақиық ақын Әбділда Тәжібаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. «Әдебиеттегі алыптар тобы» деп аталған Мұқаң, Сәбең, екі Ғабең сынды марқасқалармен үзеңгілес жүрген поэзия пырағының өмірі мен шығармашылық жолы да шырғалаңға толы болған екен». Осылай толғаған аталмыш басылымдағы «Ақиық ақын, жауһар жыр» деген тақырыппен берілген келесі мақала ақын Әбділда Тәжібайұлының өміріне арналыпты.

Елбасы кеше Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаевты қабылдады. Бұл туралы бүгін «Казахстанская правда» газеті жазды. Агенттік төрағасы жанар-жағармай мен азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан іс-шаралардың барысы туралы баяндады.

Аталмыш басылым сондай-ақ осы күні Елбасы Қырғызстанның  Премьер-министрі Данияр Үсеновті қабылдағанын хабарлаған.

Ал Қырғыз премьерінің  қазақстандық әріптесімен кездесуіне «Известия-Казахстан» газеті кеңірек тоқталып, Қазақстан тарапы ресми Бішкекке  отын сатып алуға гуманитарлық көмек көрсететін болды, деп жазады.

Жол талғамайтын Ssang Yong маркалы көліктер елімізде құрастырылатын болды. Бұл туралы «Литер» басылымы хабарлады. Газеттің жазуынша,«Агромашхолдинг Қазақстан» АҚ мен Ssang Yong Motors Сorporation және Allur Auto компаниялар тобы арасында аталған көлікті құрастыру бойынша меморандум жасалған. Бұл жобадағы инвестицияның жалпы көлемі 16 миллион доллардан асады.  

Соңғы жаңалықтар