Хангелді Сырымбетұлы

Хангелді Сырымбетұлы (1688-1763) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен атақты батырлардың бірі.
None
None
Шыққан тегі ? Ұлы жүздің Албан тайпасының алжан руынан. Көнекөз қариялардың, батырдың қазіргі ұрпақтарының айтуына қарағанда, оның аты Хангелді емес, Қангелді көрінеді. Бала анадан шыр етіп жерге түскенде, қан шеңгелдеп туғандықтан, оған халық дәстүрі бойынша «Қанкелді» деп ат қойыпты. Ұлы жүздің ақылман білікті адамдарымен аралас-құралас жүріп ел басқарысты, жаужүрек батырларымен үзеңгілес жүріп қол бастады, сондай-ақ жауырыншы болды. Аягөз, Тесіктас жерлерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түсіп, атақты Аңырақай шайқасында албан жасағын басқарды. Жоңғарларға қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек батыр да жауға шапты. Хангелді батыр сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының жоңғар басқыншыларын қарсы соғысында Ресейге арқа сүйеуге тырысты. Осы мақсатта 1733 жылы Төле би, Қодар би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыс патшайымы Анна Иоановнаға хат жазады. Бұл алғашқы хатты Аралбай мен Оразкелді батырлар жеткізсе, 1734 жылы тағы да патшайым атына жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады. Ел ауызындағы аңыздарда Абылай сұлтан жоңғарларда тұтқында болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелді болғаны айтылады. Ол қолбасшылығымен еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, өзінің білікті мәмлігерлігімен де көзге түсті. Қытай деректерінде оның Жауғаш батырмен бірге қытайдың шекара әкімшілігіне барғаны айтылады. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 9 том «Тарихи тұлғалар» кітабы
Соңғы жаңалықтар