Ханой түбінде әскери тікұшақ апатқа ұшырады, 16 адам қаза болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Вьетнам астанасының маңында ресейлік өндіріс шығарған Ми-171 әскери тікұшағы апатқа ұшырады. Тікұшақ жаттығуларға қатысып жатқан парашютшілерді тасымалдап жүрген болатын.

Ханой түбінде әскери тікұшақ апатқа ұшырады, 16 адам қаза болды

РБК-нің Thanh Nien агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, тікұшақ түгел жанып кеткен. Ресми мәліметтерге қарағанда, 16 адам қаза болды, 5-уі жараланды. Бортында Вьетнам армиясының 916-полкының барлығы 21 әскери қызметшісі болған. Апат салдарынан жерде ешкім де зардап шекпеген.

Ми-171 әскери-тасымал тікұшағы Ми-8 тікұшағының экспортқа ыңғайланған модельдерінің бірі. Оның міндеті - десанттарды, барлау операцияларын, торуылдауды тасымалдау және жедел түсіру. Сондай-ақ Ми-171-ді құтқару операцияларын жүргізу үшін сатып алады. Бұл техника әлемнің көптеген елдеріне, соның ішінде Қытайға, Бразилияға, Суданға, Чехияға, Хорватияға жеткізілген.

Улан-Удэдегі авиация зауыты шығарған төрт Ми-171 тікұшағы 2005 жылы Вьетнамға сатылды. Сол кезде Вьетнам қорғаныс министрлігі оның сапасына ризашылығын білдірген және жаңа жеткізілімдер жөнінде уағдаласқан болатын.