Хантавирус: Испанияда круиздік кеме оқиғасы бойынша шектеу шаралары күшейтілді

АСТАНА. KAZINFORM — Испания хантавирус анықталған круиздік кемемен жұмыс істеу хаттамасын бекітті, деп хабарладйы Euronews.

Хантавирус: Испанияда круиздік кеме оқиғасы бойынша шектеу шаралары күшейтілді
Фото: Zoonar

Испания билігі хантавирус анықталған круиздік кеме MV Hondius бортында қазіргі уақытта симптомдары бар жолаушылар қалмағанын мәлімдеді.

Кеме жексенбі күні 144 жолаушысы мен экипаж мүшелерімен бірге Тенерифе портына жетеді деп күтілуде. Сол жерде шетелдік азаматтар өз елдеріне жөнелтіледі, ал испан азаматтары карантинге орналастырылады.

Испания билігі адамдарды тікелей ұшақтарға немесе ауруханаларға жеткізетінін, оларды қоғамдық орындарға шығармайтынын хабарлады. Қоғаммен кез келген байланысқа жол берілмейтіні айтылды.

Сонымен қатар, кемеден ресми түрде індет анықталмай тұрып түскен жолаушылар төрт құрлықта іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Associated Press.

Олардың ішінде Калифорниядан келген жолаушылар бар екені белгілі, олар табылып, медициналық бақылауға алынған. Хантавирус жағдайлары Швейцарияда, Израильде және Ұлыбританияның шетелдік аумақтарында да тіркелген.

Дәрігерлердің пікірінше, инфекцияның бастапқы көзі Нидерландтан келген ерлі-зайыпты болуы мүмкін, олар аурудан көз жұмған. Круиз басталмай тұрып олар Оңтүстік Америкада болған, сол жерде жұқтыруы ықтимал.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Аргентинадан шыққан круиздік кемедегі сегіз науқастың бесеуінде хантавирус расталғанын хабарлаған.

Айта кетелік Израильде хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелген еді.