Хантавирусқа байланысты Moderna акцияларының құны өсті
АСТАНА. KAZINFORM - Moderna хантавирусқа қарсы вакцина әзірлеу бойынша алғашқы зерттеулер басталғанын жариялады, деп хабарлайды TheGuardianIn.
Осы жаңалықтан кейін дүйсенбі күнгі саудада компания акциялары шамамен 6 пайызға өсті.
Вакцина әзірлеу жұмыстары АҚШ армиясының жұқпалы аурулар институтымен және Корея университетінің вакцина инновациялары орталығымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
Компания өкілдері бұл жобаны жаңа инфекцияларға қарсы күрес стратегиясының бір бөлігі деп атады.
Хантавирус тақырыбына қызығушылық MV Hondius круиз кемесіндегі індеттен кейін күшейді.
Кемеде «Анд хантавирусы» штамын жұқтырған жеті адам тіркелген.
Науқастардың үшеуі көз жұмған.
Хантавирус аса қауіпті инфекциялардың бірі саналады.
Аурудың респираторлық түрі кезінде өлім көрсеткіші 38 пайызға дейін жетуі мүмкін.
Инфекция белгілеріне дене қызуының көтерілуі, бұлшық еттің ауыруы және қатты әлсіздік жатады.
Қазір АҚШ билігі медициналық тексеру жүргізу үшін круиз кемесіндегі америкалық азаматтарды эвакуациялап жатыр.
Moderna — COVID-19-ға қарсы вакцинасымен танылған жетекші америкалық биотехнологиялық компания.
Осыған дейін хантавирус анықталған круиздік кемеден эвакуацияланған соңғы топ Нидерландқа ұшатыны туралы жаздық.