«Happy Cake» тортын сынға алған шенеунік жазаға тартылмақ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің Әдеп кеңесі қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа тәртіптік жаза қолдануды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Happy CakeEurasia» ЖШС директорының департамент басшысы туралы шағымынан кейін Әдеп кеңесі хатшылығы Сәдуақас Байғабыловқа қатысты тәртіптік іс қозғап, қызметтік тексеруді бастаған.
Тексеруде 2018 жылдың желтоқсан айында интернет БАҚ-тардың бірінде С. Байғабыловтың Happy Cake тәттілері туралы пікірі жарияланды. Елорданың бас санитарлық дәрігері кондитерлік цехтің департамент рұқсатынсыз жұмыс істейтінін, ондағы мамандардың денсаулық жағдайы тексерілмегенін айтады.
«ҚР «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы» заңының 4-бабы, 1-тармағына сәйкес, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеу кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесуі қажет. Бұл жағдайда С. Н. Байғабылов өзге кәсіпкерлік субъектілерін ысырып қойып, санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдамасыз бір ғана ЖШС-ті атап көрсеткен. ҚР заңнамасындағы шектеулерге байланысты департамент кәсіпкерлерден сәйкес тұжырымдаманы талап ете алмайды және БАҚ-та айтылған сөздер аталған ЖШС қызметін тексеруге негізделмеген. Салдарынан кәсіпкер С. Н. Байғабыловтың пікірімен келіспей, іскерлік және халық арасындағы беделіне нұқсан келгені үшін Нұр-Сұлтан қаласының құзырлы және бақылау органдарына шағымданды», - деп хабарлады Әдеп кеңесінің баспасөз қызметі.
Этикалық кеңестің мәлімдеуінше, С. Н. Байғабылов ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-бабы 2 және 7-тармақтарында көрсетілген талаптарды (адал, әділ, қарапайым болу, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтау, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік таныту; өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмау, сынағаны үшін қудалауға жол бермеу, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану) бұзған.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 140-бабы, 8-бөліміне сәйкес, шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік тіркелген күнінен бастап үш жыл бойы тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі бойынша тексеру жүргізуге және профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге тыйым салынады.
Алайда, 2018 жылдың 24 желтоқсанында интернет-порталдардың біріне С. Н. Байғабылов Елордадағы қауіпті тәттілер жасалатын кондитерлік цехтардың тізімін жариялаған. Онда «тексеруден қашып жүрген», «тұжырымдамасы жоқ» кондитерлік өнім дайындайтын нысандарды атап көрсеткен. «Олар Пампушка, Тәп-тәтті, Onemorecake, Pirogesh, HappyCake, Baked With Love, Tattinan, Айнанан, TortNaZakaz.kz, Provence, Dolcepatisserie, Ардақ ЖК және басқалары. HappyCake пен Тәп-тәтті цехтары бұған дейін рұсқат қағазын алуға өтініш білдірді, бірақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмегендіктен, рұқсат берілмеді», - деп айтқан С. Байғабылов.
«Бұл жағдайда С. Н. Байғабыловтың хабарламасы орынсыз, себебі аталған кәсіпкерлік суъектілері өз қалауымен тексеруден қашып жүре алмайды. Жеке және заңды тұлғалардың шағымы бойынша жоспардан тыс тексеруді қоспағанда, олардың қызметі ҚР Кәсіпкерлік кодекс нормасымен қорғалған. Бұл жерде С. Н. Байғабылов ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 2-бабы 7 және 9-тармақтарында көрсетілген талаптарды (өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмау, сынағаны үшін қудалауға жол бермеу, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалану; шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпау) бұзып отыр», - деп түсіндірді Этикалық кеңес.
Одан бөлек, «Happy Cake» ЖШС директоры С. Мұхамед елорда тұрғыны Б. А. Сансызбаевтан денсаулығының нашарлауы туралы шағым түскенін, бірақ іс прокуратураға түскен соң, Б. А. Сансызбаевтың еш себепсіз тексеруді тоқтатуды өтінгенін жеткізді.
«Өз түсініктемесінде С. Н. Байғабылов ашықтық пен әділдік ұстанымдарын қолдайтынын, тамақ өнімдерінің адам өмірі мен денсаулығына қауіпсіздігі туралы ақпаратты тең ұсынатынын айтқан. Бірақ 2018 жылдың 21 желтоқсанында жаңажылдық мереке қарсаңында депаратмент басшысы санитарлық-эпидемиологиялық тұжырымдамасы бар кәсіпкерлік субъектілерінен ғана торт алуға кеңес берген және «Happy Cake» желісін рұқсат қағазы жоқ екенін мысал ретінде келтірген. Департамент өзге де кондитерлік өнім өндірушілерін атап көрсеткен», - делінген Әдеп кеңесінің хабарламасында.
Тәртіптік істі қарай отырып, Әдеп кеңесінің мүшелері С. Н. Байғабыловтың ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 5-бабындағы 2, 7, 9-тармақтарын бұзғанын анықтады. Қызметтік тексеру материалдары мен С. Н. Байғабыловтың түсініктемесін талдап, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті Әдеп кеңесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б. Т. Төкежановқа Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін бұзғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Сәдуақас Байғабыловқа «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды», - делінген хабарламада.