Харрис сайлау алдында Трамптан 4%-дық тармаққа алда келеді: сауалнама қорытындылары
АСТАНА. KAZINFORM — Тұрғындар арасында жүргізілген сауалнаманың соңғы мәліметінше, АҚШ вице-президенті демократ Камала Харрис сайлау қарсаңында әлеуетті сайлаушылар арасында танымалдығы бойынша бұрынғы республикашыл президент Дональд Трамптан төрт пайыздық тармаққа озып кетті, деп хабарлайды The Hill.
NPR, PBS News және Marist сollege жүргізген сауалнамаға сәйкес, Харристі респонденттердің 51%-ы, ал Трампты — 47%-ы қолдады. Тағы 2 пайызы басқа кандидаттарға дауыс берді. Бұл ретте қазан айының басында жүргізілген ұқсас сауалнама Харристі респондеттердің 50%-ы, ал Трампты 48%-ы қолдағанын көрсетті.
Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, Харрис ақ нәсілді емес американдықтар мен 1946-1964, 1981-1996 және 1997-2012 жылдары туған адамдар арасында, ал Трамп ақ нәсілді сайлаушылар, 1928-1945 және 1965-1980 жылдары туғандар арасында ұнамды көрінеді.
Олай болғанымен, респонденттердің 49%-ы сайлауда Трамп жеңетініне сенімді болса, 46%-ы Харристің жеңіске жетуін күтіп отыр.
Бұл ретте сауалнамаға қатысқандардың жартысы Трамп экономикалық мәселелерді жақсырақ шешеді деп ойлайды, ал Харриске 49%-ы дауыс берген. Сондай-ақ, сұралғандардың 55%-ы Трамптың сайлау алдындағы уәделерін орындайтынына сенімді, 44%-ы бұл мәлімдемелер дауыс жинау үшін жасалып отыр деген пікір айтты. Харриске қатысты бұл мәселе бойынша пікір 49%-ды құрады.
Сонымен қатар, сұралғандардың 71%-ы олардың кандидаты дауыс беру нәтижелерін қандай болса да қабылдауы керек деп сенсе, 27%-ы үміткердің оларға қарсы шыға алады деп санайды. Респонденттердің 72%-ы сайлаудан кейінгі зорлық-зомбылық әрекеттерінен қорқады.
Сауалнама 31 қазан мен 2 қараша аралығында жүргізілді. Оған 1297 адам қатысты.
Еске сала кетсек, АҚШ-тың 70 053 286 тұрғыны мерзімінен бұрын дауыс беру құқығын пайдаланған.
Мемлекеттегі ең жоғары лауазымға үміткерлер құбылмалы штаттарда сайлаушылармен соңғы кездесулерін өткізді.