Хашим Тачи Косово президенті болып сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзін-өзі жариялаған Косово Республикасының парламенті сыртқы істер министрі Хашим Тачиді елдің жаңа президенті етіп сайлады. Бұл туралы Associated Press агенттігіне сілтеме жасап Лента.ру хабарлады.

Хашим Тачи Косово президенті болып сайланды

Жаңа мемлекет басшысын сайлау парламент ғимаратындағы және оның сыртындағы қарсылықтар жағдайында өтті. Оппозиционерлер залда көзден жас ағызатын газ жіберді, көшедегі белсенділер жарылғыш бөтелкелер лақтырды.

Оппозициялық партиялар парламентті дауыс беруді тоқтаттыруға тырысты. Олар қазіргі үкімет, соның ішінде Тачи Сербиямен келісімдер ауқымында өлке аумағындағы этникалық серб азшылығына үлкен автономия ұсынылуына жол берді деп реніш білдіруде.

Косовоның қазіргі президенті Атифета Яхьяганың мандаты 7 сәуірде аяқталады.

Косоводағы президенттің рөлі негізінен рәсімдік сипатта. Өкілеттік мерзімі бес жыл.

Тачи кезінде Косовоны азат ету армиясының жасақтарын басқарды, одан кейін әртүрлі үкіметтік қызметтерде болды, соның ішінде премьер-министр қызметін атқарды.

2010 жылы Косовода адамдар ағзаларын сатумен байланысты жанжал ушықты. Сол кезде Еуропа кеңесінің адам құқықтары комитеті 1998-1999 жылдардағы Косоводағы соғыс кезінде Косовоны азат ету армиясының мүшелері адамдар органдарын және есірткі сатумен айналысты деген баяндама ұсынды. Комитеттің мәліметтеріне сәйкес оған Тачидің де қатысы бар делінді. Косово билігі бұл айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.