Хайнань аралында «Трами» тайфуны салдарынан жеті адам көз жұмды

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытайдың оңтүстігіндегі Хайнань провинциясында cоққан «Трами» тайфуны салдарынан 40 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы жергілікті төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазды Kazinform меншікті тілшісі.

Су тасқыны
Фото: Синьхуа

Дүйсенбіден бері Хайнань аралының көптеген аудандарында биыл 20-шы рет соққан «Трами» тайфуны себеп болған қатты нөсер жауып жатыр. Ең көп зардап шеккен Цюнхай қаласында билік 1-ші деңгейдегі төтенше жағдай режимін іске қосты. Бұл елді мекенде 500 мм-ден астам жауын-шашын түсті.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, толассыз жауған жаңбыр салдарынан аралдың кей аймақтарын су басу қаупі жоғары. 

«Трами» тайфуны салдарынан Хайнань провинциясында жеті адам қаза тауып, тағы бір адам із-түзсіз жоғалды. 

Фуцзянь және Чжэцзянь провинцияларының билігі 31 қазан мен 1 қараша аралығында Қытайдың шығыс жағалауына қатты жаңбыр әкелетін «Конг-рей» жаңа тайфунына дайындалып жатыр. Табиғи апатының ең үлкен зардаптары Чжэцзян провинциясында болады деп болжанып отыр. 

Қытайда төтенше жағдайлардың төрт деңгейлі жүйесі бар, мұндағы бірінші деңгей максималды. 

Айта кетейік, бұған дейін Вьетнамда «Яги» тайфунынан қаза тапқандар саны 233 адамға жеткені туралы жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар