HeadHunter: Қазақстандықтар жұмыс істеуге Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарын ең тартымды аймақтар деп таңдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «HeadHunter Қазақстан» зерттеушілері hh.kz порталында жұмыс іздеушілердің 2014 жылғы резюмелерін сараптаған. Онда қазақстандықтар қай өңірге жұмыс істеуге барғысы келетіндерін анықталды.
Зерттеуге сәйкес, әрбір оныншы (9,3%) қазақстандық Астанаға көшіп кетуге дайын. Алматыға қоныс ауыстыруға ниет танытқандар шамамен екі есеге төмен - 5,3%. Аймақтар арасында ең тартымдылардың қатарында Атырау (1,6%), Маңғыстау (1,3%), Ақтөбе (0,7%) және Қарағанды (0,7%) облыстары тұр. Керісінше, Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарына жұмысқа орналасуға барар едім дегендердің саны аз (0,2%). Алматы, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары 0,3 пайыздан алып отыр.
«Астана мен Алматы - біздің елдің ең ірі бизнес-орталықтары. Сондықтан дәл осы қалаларға деген сұраныстың жоғары болуы қисынды. Батыс Қазақстан - қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Әсіресе мұнай-газ, құрылыс, теңіз және балық шаруашылығы, туризм саласындағы мамандар үшін тартымды», - дейді «HeadHunter Қазақстан» компаниясының PR және маркетинг бойынша директоры Әсел Баженова.
Жыл басынан 13 тамызға дейін өткізілген зерттеу барысында hh.kz сайтындағы 281 327 резюме сараптамадан өтті.