«Хезболла» Израильге шабуыл жасамақ болды – Нетаньяху
АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболланың» ливандық жасақтарының жерасты туннельдері арқылы джиптер мен зымырандарды пайдалана отырып Израильге шабуыл жасамақ болғанын әшкере еткенін мәлім етті. Бұл туралы Kazinform-ның меншікті тілшісі.
Израиль басшысы Францияның CNews және Europe 1 телеарналарына берген сұхбатында аталған шабуыл сәтті іске асқанда ХАМАС-тың былтырғы шабуылынан да жойқын болар еді деген болжамын жеткізді.
«Шекарадан 100-200 метр жерде Израильге басып басып кіру үшін дайындалып жатқан туннельдерді таптық. Бұл 7 қазандағыдан да ауқымды шабуыл болар еді», - деді Нетаньяху.
Айта кетейік, бүгін Израиль Сирия астанасы Дамаск пен сол елдің батысындағы Хомс қаласы маңындағы әскери нысандарға соққы жасады.
Дамаскінің орталық ауданы Кафр-Сусаға жергілікті уақытпен таңғы 3:40-та соққы жасалды. Тағы бір соққы Хомс провинциясындағы әскери нысанға жасалған.
Сирия қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әуе шабуылынан бір сарбаз қаза тауып, жетеуі жараланған. Сонымен қатар түрлі материалдық шығын да келген.