ХХІ ғасырдың жаһандық проблемасы: қазақстандықтардың 20% астамы семіздікке шалдыққан
Семіздік жыл сайын «жасарып» келеді
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, қазақстандықтардың 20% астамы семіздікке шалдыққан.
«ҚР ДСМ статистикалық деректері бойынша 2021 жылдың басында 0-17 жас аралығындағы 6 491 бала семіздікпен диспансерлік есепте тұрды. 40 пен 60 жас аралығындағы ересектер семіздікке жиі ұшырайды. Өйткені зат алмасу процестері баяулайды, физикалық белсенділік төмендейді және тамақтану әдеттерін өзгерту қиын. Семіздік жылдан-жылға «жасарып» келеді: жас балалар 40 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда 10 есе жиі зардап шегуде», - деп атап өтеді Ұлттық денсаулық сақтау орталығынан.
Фото: GETTY IMAGES
Оған қоса, артық салмақ өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 7 жылға қысқартатыны да дәлелденді. Балалар семіздігі – семіздіктің, ерте өлімнің және ересек жастағы мүгедектіктің жоғары ықтималдығын тудыратын фактор. Сондай-ақ семіздік көптеген аурудың, соның ішінде қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, 2-типті қант диабеті және созылмалы респираторлық аурулар қаупін арттырады, бұл кейінірек мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін.
Балалар семіздігі көптеген ауруларды асқындырады және қант диабеті, жүрек-қан тамырлары сырқатының ерте дамуын, сондай-ақ ұйқы кезіндегі апноэ, психологиялық күйзеліс, инсулинге төзімділік қаупін арттырады. Сонымен қатар ентікпе, тірек-қимыл жүйесінің бұзылуы, кейбір онкологиялық аурулар туындауы ықтимал.
Тамақтану мәдениетінің бұзылуы
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшылары атап өткендей, семіздіктің басты себебі тамақтану әдеттерінде жатыр – фаст-фудқа деген құштарлық, жартылай фабрикаттар, өнеркәсіптік тұздықтардың басым болуы, қазіргі өмір салтының ерекшеліктері, жылдам тағамдар, құрамында қант мөлшері жоғары сусындар, оған қоса смартфондар, теледидар, планшет тамақтану кезінде көп алаңдатады. Көптеген отбасында толық түскі және кешкі ас дайындауға уақыт болмайды. Одан тапсырыспен үйге тамақ алдыру оңай және жылдам.
Фото: depositphotos/belchonock«Ересектерде де, балаларда да семіздіктің жалпы себебі – шектен тыс тамақтану. Шамадан тыс тамақтанудың да көптеген себептері бар, бұл жалғыздық, мазасыздық, сағыныш сияқты психоэмоционалды факторлар. Бұл жағдайда тамақ жағымды эмоциялардың орнын басады. Тамақтану мәдениетіндегі үлкен қателік – балалардың таңғы астан бас тартуы, бұл да түрлі себептерден туындауы мүмкін: кешкі асты тойып ішу, отбасында күнделікті таңғы ас ішу әдетінің болмауы және т.б. Оған қоса, балалар белсенді ойындарға қарағанда гаджеттерді жақсы көреді. Ата-аналардың жартысынан көбі артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан баласының дене бітімін қалыпты деп санайды. Алайда, үлкендер байқағысы келмейтін нәрсе құрдастарының көзіне түседі. Толық балалар көбінесе буллингтің құрбаны болады, сондықтан олар тұйықталып, одан сайын стреске түседі», - деп түсіндірді орталықтың жұқпалы емес аурулардың алдын алу бөлімінің басшысы Наталья Сүлейменова.
Ұйқының болмауы және созылмалы ұйқысыздық ағзаға ауыр стресс болады, өйткені ол биохимиялық процестерді айтарлықтай нашарлатады. Энергияның жетіспеушілігін толтыруға тырысу үшін адамдар көбінесе кофені ғана емес, жалпы тағамды да тұтынады, бұл салмақ қосуға әкеледі. Тамақтанудың мәдени ерекшеліктері де маңызды рөл атқарады – майлы тағамдар, ұн өнімдерін көбірек жеп, көкөніс пен жемістерді аз тұтыну.
Зиянды өнімдер жарнамасының тамақтануға ықпалы қандай?
2018 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы теледидардағы азық-түлік жарнамасына жүргізген зерттеуі халықтың, әсіресе балалар мен жастардың теледидардағы зиянды азық-түлік жарнамасының күшті ықпалына ұшырайтынын көрсетті. Азық-түлік пен сусындарды жарнамалау ұлттық телеарналардағы барлық жарнамалардың үштен бірін құраған – 32,8%. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес, құрамында майы, қант немесе тұзы көп тағамдарды жарнамалау бойынша шектеу шаралары болса, жарнамаланатын тамақ пен сусындардың 72,3% тыйым салынатын еді.
Фото: Eviart / shutterstock.com
Сонымен қатар қантты сусындар, соның ішінде кола, лимонад және басқалары ең жиі жарнамаланады (22%). Содан кейін шоколад, кондитерлік өнімдер және энергетикалық батончиктер теледидардағы азық-түлік жарнамасының 17,1% құрайды. Орташа алғанда, қазақстандық балалар бір сағатта тамақ өнімдеріне арналған 9,1 телевизиялық жарнаманы көреді, оның ішінде қант, май және/немесе тұзы жоғары тағамдар мен сусындар туралы 6,6 жарнама бар.
Қазақстанда балалардағы семіздіктің таралуы бойынша ДДҰ (COSI, WHO Childhood obesity Surveillance Initiative, 2016 жыл) зерттеу нәтижелері ана сүтін ембеген немесе оны сирек қабылдаған балалардың кішкентай кезінде семіздік қаупі жоғары болатынын көрсетеді.
Семіздікпен қалай күресуге болады
Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мамандары тамақтануды бақылауды, алкогольді шектеуді, физикалық белсенділікті арттыруды, режимді қалыпқа келтіруді және психоэмоционалды жағдайды жақсартуды ұсынады.
Фото: Eviart / shutterstock.com
«Семіздіктің кез келген түрі қандай да бір жолмен тағамдық факторға негізделгенін ескере отырып, тұтынылатын тағамның сапасы мен мөлшеріне назар аудару керек. Әйтпесе, артық салмақпен күрес туралы айту мүмкін емес. Бұл ретте ораза ұстау, әсіресе судан бас тарту пайдасыз және зиянды болуы мүмкін. Аралық ми бөлігіндегі белгілі бір аштық нүктелерінің тітіркенуі адамның шамадан тыс көп тамақ жеуіне әкеп соғады. Дене алынған тағамды болашақта пайдалану үшін май түрінде сақтайды және кері әсер пайда болады. Тәулігіне килокалория мөлшері нормадан аспайтынына көз жеткізу керек, бұл әйелдерде дене салмағының 1 келісіне – 22 ккал, ал ерлерде 22,4 килокалорияны құрайды. Сонымен қатар күнделікті диетаны 100 ккал-ға азайту күнделікті массаның 11 грамға төмендеуіне ықпал етеді. Бұл біреуге аз болып көрінуі мүмкін, бірақ 3 айда бұл көрсеткіш шамамен 1 кг болады. Ақуыздың, дәрумендердің, микроэлементтердің оңтайлы мөлшерімен қамтамасыз етіп, жеңіл, сіңімді көмірсулар, майларды шектеу керек. Ас тұзына да тыйым салу керек. Біріншіден, бұл дәм мен тәбетті арттырады, екіншіден, ағзадағы суды ұстап тұрады», - деп түсіндірді сарапшы Наталья Сүлейменова.
Фото:bariatr.com
Оның айтуынша, алкогольді шамадан тыс тұтыну семіздікпен тығыз байланысты. Біріншіден, алкоголь тәбетті арттырады, адам көп тамақ жейді. Екіншіден, ол аралық ми бөлігіндегі қанықтыру орталығының сезімталдығын төмендетеді. Этил спиртінің өзі – жоғары энергиялы және жоғары калориялы өнім.
«Ағзаға түсетін және тұтынылатын килокалориялардың санын теңестіру үшін олардың түсуін азайту немесе тұтынуды арттыру қажет. Мәселен, физикалық белсенділік арқылы көбірек шығара аласыз. Әрине, шаршататын спорттық жаттығуларды бәрі бірдей жасай алмайды. Бірақ жүгіру, велосипед тебу, спорттық ойындармен көпшілік айналыса алады. Әрине, ең оңтайлы алдын-алу құралы – жүзу. Жүзу қимылдары калориялардың көптеп жағылуына ықпал етеді. Суда дене салмағы азаяды. Дене сумен байланыста болғанда жылу қайтарымы артады, бұл да майдың ыдырауына ықпал етеді», - деп кеңес береді Наталья Сүлейменова.
Ұйқының бұзылуы, жағымсыз эмоциялар мен жиі стрестер тәбетті арттыратын және тамақтануды ынталандыратын белгілі бір биологиялық белсенді заттардың бөлінуіне ықпал етуі мүмкін.
«2-типті қант диабеті, қалқанша безінің жеткіліксіздігі, гастроэнтероколиттер сында салмақ қосу тұрғысынан қауіпті кез келген нәрсе уақытылы және тиісті емдеуді қажет етеді. Осы профилактикалық шаралардың барлығын орындау белгілі бір ережелерді, әдістерді және тіпті шектеулерді сақтауды талап етеді. Мұнда білікті көмек, ұсыныстар, эндокринолог, диетолог, физиотерапия дәрігері, реабилитологтың бақылауы қажет», - деп толықтырды сарапшы.