ХХІ қысқы Олимпиада ойындарында ел үміт артатын спортшылар
СТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат - Ақпанның 12-сі мен 28-і аралығында Канаданың Ванкувер қаласында ХХІ қысқы Олимпиада ойындары өтеді.
Әлемнің 80 елінің үкілеп қосқан үш мыңнан астам спортшысы жарыс жолына шығады. Бұл аралықта спорттың 15 түрінен 86 награда жиынтығы сарапқа салынбақ.
Қазақстанның олимпиадалық құрамасы 40 лицензияға, атап айтқанда биатлоннан - 9, шаңғы жарысынан - 11, тау шаңғысы спортынан - 2, конькимен жүгіру спортынан - 4, шаңғымен трамплиннен секіруден - 2, фристайлдан (могул) - 5, фристайлдан (акробатика) - 1, шорт-тректен - 1 және мәнерлеп сырғанаудан 2 лицензияға ие. Біздің спортшылар бағдарламаның 9 түрінде өнер көрсетеді.
Бұл қазақстандық спортшылар үшін бесінші қысқы Олимпиада болмақ. Командамыз үлкен болмағанымен, өте жинақы. Жолдаманың басым бөлігін әдеттегідей шаңғы спортының өкілдері жеңіп алды. Сарапшылар дәл осы бағдарламалар түрінен біздің спортшыларымыздан жақсы нәтижелер күтуде. Соңғы маусымда қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин әлемнің үздік он спортшысының қатарынан көрінген болатын. Сонымен қатар Николай Чебатько, Евгений Кошевой, Сергей Черепановтарға артар үміт мол.
Ал әйелдерге алтылыққа ену міндеті жүктеліп отыр. Дегенмен осы маусымда жеке есепте Елена Коломина көзге түсті. Ол таяуда өткен дәстүрлі «Тур де СКИ» жарысында күміс жүлдені еншілеген еді.
Биатлон жарысында команданың көшбасшысы Елена Хрусталевойға зор сенім артылып отыр. Өткен жылы ол әлем чемпионатында алтыншы орынды қанағат тұтты. Олимпиада медалін ұту мүмкіндігі спорттың фристайл түрінің өкілі Дмитрий Рейхардта мол. Ол өткен маусымда «Могул» дәрежесінде Әлем кубогы кезеңінің бірнеше медалін иеленсе, ал осыдан екі апта бұрын әлем біріншілігінің қола жүлдесін олжалады.
Мәнерлеп сырғанау жарыстары да өте тартысты өтеді деп күтілуде. Спорттың бұл түрінен қазақстандық Денис Тен мен Абзал Рахымғалиев, Бриан Жубер, Патрик Чан сынды мәнерлеп сырғанаудың корифейлері және ТДМ-ға танымал ресейлік Евгений Плющенкомен қатар өнер көрсетпек. Сонымен қатар еліміз Канадада өтетін олимпиадада алғаш рет шорт-трек бағдарламасына қатысады.
Ақпанның 12-сінде қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің делегациясын ту ұстаушы, биатлон бойынша Қазақстанның чемпионы Диас Кеңешев бастап шығады.