ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарының 30-дан астам жолдамасын жеңіп алдық ? Ұлттық штаттық командалар дирекциясы

АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстандық спортшылар 2010 жылы ақпанның 12-28-і күндері Канаданың Ванкувер қаласында өтетін ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарының 30-дан астам жолдамасын жеңіп алды,

ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарының 30-дан астам жолдамасын жеңіп алдық ? Ұлттық штаттық командалар дирекциясы
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ұлттық штаттық командалар дирекциясының директоры Елсияр Қанағатовтың айтуынша, алдағы уақытта жолдамалар санын 40-тан асыру жоспарланып отыр. «Ұлттық штаттық командалар қазіргі таңда «Ванкувер-2010» Олимпиадасына бас жаттықтырушылар жоспары бойынша жұмыс істеп жатыр. Алда түрлі халықаралық жарыстар мен Азия, Әлем чемпионаттары бар. Қазір елімізде қысқы спорт түрлерінен спартакиада өтуде. Бізде қысқы спорт түрлері, шынын айту керек жазғы спорт түрлеріне қарағанда жағдайлары біршама төмендеу. Бүгінгі таңда қоржынымызда ХХІ Қысқы Олимпиада ойындарының 30-дан астам жолдамасы бар. Лицензиялық жарыстар 2010 жылғы қаңтардың аяғына дейін өтеді. Соларға қатысып, жолдамалар санын 40-тан асыруды жоспарлап отырмыз», дейді Елсияр Қанағатов. Оның айтуынша, Ванкувердегі байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы командалық жарыстарға қатыса алмайды. Бұған дейінгі сындарда тартысты ойын өрнегін көрсетіп жүрген хоккейшілер бұл жолы іріктеу сындарына тыңғылықты әзірлік жасай алмады. Құрама мүшелері уақытында жиналған жоқ. Клубтардың өз ойыншыларын жібермеуіне байланысты біршама қиындықтар туындады. Жалпы Ванкуверде спорттың 15 түрі бойынша 86 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Қазақстан спортшылары онда спорттың 11 түрі бойынша бақ сынауды жоспарлауда. Оның ішінде биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, сноубординг, тұғырдан секіру, тау шаңғысы спорты, шаңғы жарысы, шаңғыдағы қоссайыс бар. Елсияр Қанағатовтың пайымдауынша, спортшылардың алдында тұрған басты мақсат - Турин Олипиадасындағы көрсеткіштен төмендемеу. Одан әрі қарай 2011 жылы Қазақстанда өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық басталады.