Хиджаб киіп, ел аумағында ұрлық жасап келген жас қыз ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елорда полицейлері күдік тудырмау үшін хиджап киіп бірнеше мәрте ұрлық жасаған жас қызды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Астана полицейлері күдіктіні Қарағанды қаласында ұстаған. Жас қыз Қазақстан аумағында бірқатар ұрлық жасады деп айыпталып отыр.
«25 жастағы күдіктіні Астана қаласы Байқоңыр ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Қарағандыда ұстады.
Күдікті тамыз айында елорда базарының аумағында сатып алушының сөмкесінен 930 мың теңге ұрлап кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, ұрлық алдында ол жеке қажеттіліктері үшін несие алған. Ол күдік тудырмау үшін хиджаб киіп, әрекет еткен.
Ұрлық фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында ұсталған азаматшаның елдің басқа да аймақтарында ұрлық жасағаны анықталды. Күдікті қамауға алынды», - делінген полиция мәліметінде.