Хиллари Клинтон сырқаттануы салдарынан сайлауалды сапарын кейінге қалдырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хиллари Клинтон сайлау алды науқанының кестесін өзгертті. Дүйсенбіде ол Калифорнияға, Невадаға сайлауалды сапарға шығуы тиіс болатын, алайда Демократиялық партиядан үміткердің штабының өкілі АҚШ-тың батыс жағалауына сапар кейінге қалдырылғанын хабарлады, деп мәлімдеді Reuters агенттігі.
Бұдан бұрын Хиллари Клинтонға дәрігерлер пневмония диагнозын қойған. Оған антибиотиктер қабылдап, тынығу қажеттігі ескертілген.
РБК хабарлағандай, жексенбіде Клинтон 11 қыркүйектегі лаңкестікке арналған қаралы жиында өзін жайсыз сезінген. Ол басы айналып, құлап қала жаздап, жедел түрде үйіне жеткізілген болатын.
Клинтонды көлікке отырғызған сәтінің жазбасы әлеуметтік желіге түсіп, жұртшылық талқысына түскен.