Химия кәсіпорындарында жасыл технологияны енгізудің арнайы жоспары қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет басшысы Олжас Бектенов химия кәсіпорындарында қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көтеріп, экологиялық талаптарды сақтау керектігін баса айтты.

— Еліміздің химия саласындағы ірі кәсіпорындардың көпшілігі шығарындыларды бақылау жүйесін енгізді. Дегенмен қалған өндірушілер заманауи экологиялық сүзгілер мен утилизациялау технологияларын әлі де пайдаланбай отыр, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Осы орайда Премьер-министр бірқатар құзырлы органға міндеттер жүктеді.
— Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Энергетика министрлігімен бірге биыл осындай кәсіпорындарды түгендеуді аяқтап, оларды жаңғырту мен жасыл технологияларды енгізудің арнайы жоспарын қабылдауды тапсырамын, — дейді ол.
Бұған дейін Үкімет басшысы елімізден химия өндірісі шикізатының 45% экспортқа терең өңделмей шығарылатыны айтып, дайын өнімді шығару керектігін міндеттеді.
Айта кетейік, елімізде мұнай-газ саласын дамытудың жол картасы аясында 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.