Хиросима мэрі Невададағы ядролық сынаққа байланысты Вашингтонға наразылық білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Хиросима мэрі Кадзуми Мацуи АҚШ президенті Дж.Байден мен АҚШ-тың Жапониядағы елшісі Р.Эмануэльге Невада штатында жүргізілген ядролық сынаққа наразылық білдірген хат жолдады, деп хабарлайды Хиросима қаласының ресми сайты.
Хатта АҚШ-тың биылғы 14 мамырда Невада полигонында ядролық сынақ өткізгені, бұл өткен жылдың мамыр айында Хиросима саммитінде «Үлкен жетілік» елдері басшыларының ядролық қарудан азат әлем құру туралы жолдауына қайшы келетіні атап өтілген.
«Атом бомбасына ұшыраған Хиросима қаласының атынан біз үзілді-кесілді наразылық білдіреміз және болашақтағы барлық ядролық сынақтарды тоқтатуға шақырамыз», - делінген Хиросима мэрі Кадзуми Мацуидің хатында.
Хатта Хиросима халықаралық қоғамдастықтың ядролық қарусыздану күш-жігеріне жетекшілік етуге, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізуге ұмтылатыны атап өтіліп, АҚШ-ты ядролық қарусыз әлем құру үшін ақылға қонымды күш салуға үндеу салынды.